Accessibility links

Ақышев: Банктер қайтармаған несие сомасы ұлғайды


Данияр Ақышев, ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев, ұлттық банк төрағасы.

Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Астанада өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген жиынында қайтарылмаған несие сомасы тым көп екенін мәлімдеді. Жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет мүшелері және әкімдер қатысып отыр.

"Соңғы он жылда банктер алған несие 5,5 триллион теңгеге жетіп, 70 пайызға ұлғайды. Осы уақытта жеті банкті жойып, екеуін оңалтудың есебінен 5 триллион теңгеге жуық қаржы есептен шығарылды. Яғни, осы жылдар ішінде бізден несие алғандар несиелерін қайтармады. Банктер несиелерді қайта құрылымдап, шарттарды өзгертуге тырысқанымен, олар біртіндеп проблемаға айнала бастады" деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы несиелерін қайтармаған қаржы ұйымдарының көбі әлі жұмыс істеп жатқанын және "тағы да жеңілдікпен несие сұрап отырғанын" жеткізді.

Президент Назарбаев Ақышевке несиелер "қандай жолмен болса да қайтарылуы тиіс" екенін айтып, несиесін өтемеген бизнесмендерді қылмыстық жауапқа тарту керегін ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев несиенің қайтарылуын бақылау жұмысын сынға алды. "Біз өзіміз нашар басқарып, нашар қадағаладық. Бұл істі біз, банк пен үкімет бақыламадық. Кім көрінгенге бердік" деді Назарбаев. Ол Ақышевке былтыр ұлттық банктің құзыретін күшейтетін заң қабылданғанын еске салып, қадағалауды күшейтуді тапсырды.

"Әрбір акционер өз банкінен ақша жымқырады, сосын артынан қуып жүреміз. Ал ол кезде біз қайда болдық? Бұл - өте нашар жұмыс" деді Назарбаев.

Оқи отырыңыз: "Жаппай талан-тараж" жайлы айтқан президент үкіметті сынады

Қазақстан президенті банк акционерлерінің "ақша жымқыратынын" бұған дейін де айтқан. Былтыр ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген жиынында да ол банктерден ақша жымқырылатынын мәлімдеген. Ал былтыр сәуірде ол коммерциялық үш банктің жұмысын "өте нашар" деп бағалаған еді, кейін ол банктер лицензияларынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG