Accessibility links

Шымкентте кәсіподақ төрағасына іс қозғаған тергеушінің соты басталды


Ерлан Балтабай, Шымкенттегі "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы.

30 қаңтарда Шымкент қалалық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен қылмыстық іс қозғаған қалалық полиция департаментінің аға тергеушісі Мұхаммед Мирахметовтың үстінен түскен азаматтық шағымды қарай бастады. Сот отырысына аға тергеуші келмеді. Сотқа Ерлан Балтабай мен оның сенімді өкілдері және белсенділер қатысып жатыр.

Ерлан Балтабайдың Азаттыққа айтуынша, тергеуші өз үстінен заңсыз қылмыстық іс қозғап, конституциялық құқығын бұзған. Бұған дейін "Лайықты еңбек" кәсіподағының мүшесі Роза Нұрекеева Ерлан Балтабайдың үстінен "кәсіподақ ақшасын ұрлады" деп арызданған.

Ол "Кәсіптік одақтар туралы" заң бойынша, кәсiподақ мүшелерінің өздерi кәсіподаққа берген мүлiкке және мүшелік жарналарға құқықтары жоқ екенін айтады.

- Кәсіподақ мүшесі Роза Нұрекееваның кәсіподаққа төлеген жарнасын қайтарып алуға құқығы жоқ. Заң бойынша тергеуші бұл арызды тіркеп, қылмыстық іс қозғаудың орнына, оны қабылдамай тастауы керек, - дейді ол.

2018 жылы 25 қыркүйекте Ерлан Балтабайдың үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабымен ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") іс қозғалып, кәсіподақ кеңсесіне тінту жүргізілген. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG