Францияның France 24 телеарнасы Сирияда түсірілген, өздерін "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық ұйымының өкілдеріміз деп атаған адамдардың әйел содырларды босатып жатқаны туралы видео көрсетті. Репортажда ниқаб киген (мұсылмандардың әйелдің бетін толық бүркеп тұратын, көзі ғана көрінетін киімі), қолына жас баласын ұстаған әйелдің өзін "Қазақстаннан келдім" деп айтқан сәті де бар.
Видеода сонымен қатар әскери киімдегі ер адам беттерін бүркеп алған әйелдерге төлқұжаттарын таратады. Құжаттардың арасынан "Қырғыз Республикасы" деген жазуы бар төлқұжатты және оның иесі 30 жастағы әйел (туған жылы 1989 жыл деп көрсетілген - ред) екенін байқауға болады.
Сюжет түсірген тілшілер сонымен қатар Сирияға Франциядан барған әйелмен де сөйлеседі. Ол әйел Францияда исламды зерттей алмағанын, сондықтан "халифат құрып жатқандарға" қосылып, Сирияға келгенін айтады. Алайда, оның сөзінше, "Ислам мемлекеті" өзі күткендей болмай шыққан. Франциядан барған әйел өзі көрген көп әйелдің Сирияға келгеніне өкінетінін айтады.
France 24 - Францияның мемлекеттік телеарнасы. Бас кеңсесі Парижде орналасқан телеарна ағылшын, араб, испан және француз тілдерінде хабар таратады.
ПІКІРЛЕР