Accessibility links

AI АҚШ-тың мигранттарға қатысты саясатын сынады


Мексиканың АҚШ-пен шекарасындағы қабырға. Тихуана, 25 желтоқсан 2018 жыл.
Мексиканың АҚШ-пен шекарасындағы қабырға. Тихуана, 25 желтоқсан 2018 жыл.

Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы АҚШ-қа Мексикадан қашып барып, паналатуды сұраған адамдарға қатысты Ақ үйдің ұстанып отырған саясатын айыптап, оны "масқара, жымысқы әрі заңсыз» деп атаған. Құқық қорғау ұйымы сәрсенбіде жариялаған мәлімдемесінде АҚШ-тың паналатуды сұрап келген адамдарды Мексикаға кері қайтарып халықаралық заңды бұзып отырғанын айтқан. Amnesty International ұйымының ирландиялық бөлімшесінің басшысы Кольм О'Горман "бас сауғалап барған адамдарды кері қайтарып, бұрынғыдан да үлкен қатерде қалдырған» АҚШ билігін сынаған.

Өткен жылы АҚШ президенті Дональд Трамп "Мексикада қалу» дейтін атауға ие болған саясат жүргізуді ұсынған. Бұл саясат АҚШ аумағына құжатсыз келетін мигранттардың ісін сот қарап, шешім қабылдағанша олардың елде қалуына рұқсат беретін тәртіпті доғаруды көздейді. Лауазымды шенеуніктер әлгіндей мигранттардың көбі кейін өз ісі бойынша сотқа келмей, ұшты-күйлі жоғалып, заңсыз мигрантқа айналатындарын алға тартады. Ондай адамдардың көбі АҚШ-қа Гондурас, Гватемала және Сальвадор тәрізді елдерден жоқшылық пен зорлық-зомбылықтан қашып барған.

АҚШ билік орындары қазір 800 мыңға жуық адамның арыз-өтінішін қарап жатыр. Құқық қорғаушы ұйымдар мен АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, Мексикамен шекаралас аудандарда мигранттарды азаптап, зорлау және адам өлтіру қылмыстары болған.

Оқи отырыңыз: Трамп "шатдаун" қайталануы мүмкін екенін ескертті

Заңсыз миграция мәселесі – Ақ үй мен конгресс арасындағы қызу айтыс-тартыстың тақырыбына айналған. Трамп пен республикашыл партия өкілдерінің көбі Мексикамен шекарада дуал орнатып, қауіпсіздік шараларын күшейту қажет десе, демократтар дуал тұрғызу қымбатқа түседі және заңсыз мигранттар ағынын тежеудің тиімді тәсілі емес деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG