Accessibility links

Reuters: Венесуэла Араб Әмірліктеріне 15 тонна алтын сатады


Венесуэла президенті Николас Мадуро алтын құймасын ұстап тұр. 5 желтоқсан 2017 жыл.
Венесуэла президенті Николас Мадуро алтын құймасын ұстап тұр. 5 желтоқсан 2017 жыл.

Венесуэла Біріккен Араб Әмірліктеріне 15 тонна алтын сатқалы отыр деп хабарлады Reuters агенттігі Каракастағы дереккөзіне сілтеме жасап. Оның дерегінше, Венесуэла орталық банкі алтын қорының бір бөлігін еуроға сатпақшы.

Агенттік әңгімелескен адамның айтуынша, 26 қаңтарда Венесуэла Эр-Риядқа үш тонна алтын тиелген ұшақ жіберген. Ел билігінің Каракастағы орталық банк қорынан жалпы салмағы 29 тонна алтынды сатуды жоспарлап отырғаны айтылады.

Ресейлік "Новая газета" басылымының хабарлауынша, Венесуэла алтын қорының Мәскеуде сақтап келген бір бөлігін жүк ұшағымен Дубайға алып кетіп, сол жақта сатқан. Мұнан соң ресейлік жүк ұшағы Каракасқа ақша жеткізген.

БАҚ-тың хабарлауынша, қаңтар айына дейін Ресейде Венесуэланың 30 тоннаға жуық алтыны (нарықтағы бағасы – 1,2 млрд доллар) сақтаулы жатқан. Оның қанша бөлігі сатылғаны "Новая газета" мақаласында айтылмаған. Ресей орталық банкі алтын сатылғаны туралы ақпаратты терістеген.

Биыл қаңтарда Венесуэла алтын қорының бір бөлігін өзінде сақтап отырған Англия банкі оны венесуэлалық шенеуніктерге бергізбей қойған деп хабарлады Bloomberg агенттігі. Бұл алтын қорын өзін "елдің уақытша президентімін" деп жариялаған Венесуэла парламентінің спикері әрі оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо алғысы келеді. Ол бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйге өтініш білдірген.

Гуайдоны АҚШ пен Латын Америкасының көп елдері қолдаған. 31 қаңтарда Еуропарламент Хуан Гуайдоны "Венесуэланың уақытша президенті" деп таныған. Оның алдында Еуропа одағы елдері егер Венесуэла кезектен тыс сайлау өткізбесе Гуайдоны ел президенті деп мойындайтынын мәлімдеген. Николас Мадуро ерте сайлау өткізуден бас тартқан.

Венесуэла бас прокуратурсы Гуайдоға қарсы іс қозғап, оның елден шығуына тыйым салған. Мадуро билігін Ресей, Түркия мен Қытай қолдайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG