Accessibility links

Гуайдо "отбасына қысым жасаған" Мадуро үкіметін айыптады


Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо жұбайы Фабиана Розалеспен бірге. Каракас, 31 қаңтар 2019 жыл.
Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо жұбайы Фабиана Розалеспен бірге. Каракас, 31 қаңтар 2019 жыл.

Венесуэла полициясының арнайы бөлімшесі қызметкерлері оппозиция лидері Хуан Гуайдоның үйіне барып, оның әйелімен әңгіме өткізгеннен кейін Гуайдо Николас Мадуроның үкіметін "отбасыма қысым жасады" деп айыптады.

Каракас университетінде сөйлеген сөзінде Гуайдо полиция келген сәтте пәтерінде бір жарым жастағы қызы болғанын айтқан. Оппозициялық саясаткер баласына бірдеңе болған жағдайда оған билік жауапты деп санайтынын мәлімдеді деп хабарлайды Associated Press.

Венесуэла полициясы болса күш құрылымдары өкілдері Гуайдоның үйіне барған жоқ деп мәлімдеген.

Қазір Венесуэла бас прокуратурасы оппозиция басшысына қарсы тергеу жүргізіп жатыр. Прокуратура Гуайдоны ондаған адамның ажалына себеп болған жаппай тәртіпсіздіктерге арандатты деп айыптайды.

Венесуэла жоғарғы соты өзін "елдің өтпелі президентімін" деп жариялаған оппозиция жетекшісіне елден шығуына тыйым салған. Бұған қоса Гуайдоның банктегі шоттары бұғатталып, оның мүлкімен операциялар жасауға тыйым салынған.

Хуан Гуайдоны Батыс пен Латын Америкасының көп елдері қолдайды. Еуропарламент оның Венесуэланың "жалғыз әрі заңды уақытша президенті" деп таныған.

АҚШ Мадуро мен төңірегіндегілерге қысымды күшейту мақсатымен Венесуэла мемлекеттік мұнай компаниясына қарсы санкциялар енгізген. Сонымен бірге Вашингтон Гуайдоға АҚШ банктеріндегі Венесуэла активтеріне жол ашқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG