Accessibility links

Ирак соты бес тәжік әйеліне өмірлік түрме жазасын кесті


Бағдад сотында жүрген тәжік әйелдері. 27 сәуір 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)
Бағдад сотында жүрген тәжік әйелдері. 27 сәуір 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ирак соты "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қатысқан деген айып тағылған тәжікстандық бес әйелге өмірлік түрме жазасын тағайындады. Тәжікстаннан барған Садорат Курбонова, Мафтуна Маджидова, Гулрухсор Әлиева, Гүлбахор Сайфуллоева мен оның қызы Махфуза Курбоноваға үкім 31 қаңтарда шықты деп хабарлады Азаттыққа Тәжікстанның Кувейт пен Ирактағы елшісі Зубайдулло Зубайдзода. Оның айтуынша, үкім жарияланған сот отырысына Тәжікстанның Ирактағы елшілігінің өкілі қатысқан.

Тәжік дипломатының сөзінше, тағы бір тәжікстандық Максуда Жахбароваға сот өкілдері өзбек тілін білетін аудармашы таба алмағаннан кейін оның үкімін жариялау кейінге қалған.

Тәжікстан билігінің мәліметінше, бұған дейін Иракта ИМ тобына қатысы бар деп танылған 43 тәжік әйелі сотталған. Олардың 13-і сот үкімімен 20 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасын алған.

Ирак түрмесінде отырған тәжік әйелдерінің кейбірі кәмелетке толмаған балаларын отанына қайтарудан бас тартқаны туралы Азаттық бұған дейін хабарлаған.

Тәжікстан үкіметінің ақпараты бойынша, соңғы бірнеше жылда Сирия мен Иракқа Тәжікстаннан барған 1900-ға жуық адам ИМ тобы жағында соғысқа қатысқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG