Accessibility links

Пентагон Мексикамен шекараға қосымша әскер жібермек


АҚШ қорғаныс министрі міндетін атқарушы Патрик Шэнахан.
АҚШ қорғаныс министрі міндетін атқарушы Патрик Шэнахан.

АҚШ қорғаныс министрлігі Мексикамен шекараға қосымша 240 километр тікенек сым тарту үшін тағы 3750 әскери жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сөйтіп, АҚШ-тың оңтүстік аймағына шекарашыларға көмекке жіберілген әскерилер саны 4350 адамға жетпек. Пентагон 3 ақпанда таратқан мәлімдемесінде әскерилерді шекараға жайғастыру 30 қыркүйекке дейін жалғасатыны айтылған.

АҚШ президенті Дональд Трамп 2018 жылы сәуірде ел аумағына Орталық Америкадан келетін мигрант саны көбейеді делінген тұста, "сарбаздарды саяси қысым құралына айналдыруы мүмкін екені" жайлы өз атына айтылған сынның күшеюіне қарамастан әскерилерді шекараға жөнелтуді тапсырған.

Өткен аптада АҚШ қорғаныс министрі міндетін атқарушы Патрик Шэнахан шекараға қосымша тікенек сым тарту және жедел бақылау жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету үшін тағы бірнеше мың әскери жіберілетіні туралы мәлімдеген.

Оның алдында президент Трамп аталған ауданда "дағдарысты" жағдай қалыптасқанын айтып, шекара бойына дуал салуға қаржы бөлгізуге тырысқан. Бірақ демократтар шекарада қабырға тұрғызу - қымбатқа түсетін әрі қажетсіз шара, одан гөрі заңсыз миграция мен есірткі тасымалына тосқауыл қоюдың басқадай құралдары әлдеқайда тиімді болар еді деп мәлімдеген.

Мексикамен шекарада дуал салуға қатысты дау-дамайдың салдарынан АҚШ тарихындағы екі ұзақ "шатдаун" (федералдық үкімет жұмысын қаржыландырудың ішінара тоқтауы) 35 күнге созылды. 25 қаңтарда Трамп пен конгресс жетекшілері "шатдаунды" уақытша тоқтату туралы келісім жасасып, АҚШ президенті сенат және өкілдер палатасы қабылдаған бюджет туралы заңға қол қойған. Үкіметті 15 ақпанға дейін қаржыландыруды көздейтін заңда Мексикамен шекарада дуал тұрғызуға қаражат қарастырылмаған. Құрамында 17 адамы бар бітімгерлер командасы 15 ақпанға дейін, яғни бюджет туралы қысқа мерзімді келісім аяқталғанша, істі біржақты етуі керек. Трамп бұған дейін егер конгресс келісім жасай алмаса, онда "шатдаун" қайталануы мүмкін деп ескерткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG