Accessibility links

Қарағандылық белсенді пикетке тыйым салған билікпен соттасып жатыр


Солдан оңға қарай: Қарағанды қаласы әкімдігінің заңгері Руслан Қансейтов, заңгер Ерлан Қалиев және белсенді Әлия Садырбаева. Қарағанды, 4 ақпан 2019 жыл.
Солдан оңға қарай: Қарағанды қаласы әкімдігінің заңгері Руслан Қансейтов, заңгер Ерлан Қалиев және белсенді Әлия Садырбаева. Қарағанды, 4 ақпан 2019 жыл.

Қарағандылық азаматтық белсенді, көпбалалы ана Әлия Садырбаева жалғыз адамдық пикет өткізуіне тыйым салған биліктің шешімімен келіспей, онымен соттасып жатыр. Бұған дейін белсендінің апелляциялық шағымы бойынша облыстық сот Қарағандыдағы аудандық сотқа азаматтық істі жаңадан қайта қарауға қайтарған. Бұл істі осыған дейін Садырбаеваның талап арызын қараудан бас тартқан судья Марат Мақажанов жүргізеді.

Белсенді жалғыз адамдық пикетке шығуына тыйым салған биліктің шешімі өзінің бейбіт жиын өткізу және ой-пікірін білдіру құқығын шектейді деп санайды. Бұған дейін Әлия Садырбаева интернет арқылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа ашық хат жазып, үкімет Қазақстан азаматтарының өмірін жақсартуға құлықсыз деп санайтындықтан оны отставкаға кетуге шақырған. Қарағанды әкімдігі Садырбаеваның пикет өткізуге рұқсат сұрап берген өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

- Бұл сот процесі Қазақстан азаматы ретінде жалғыз маған ғана емес, барша жұрт үшін маңызды, сот шешімі нәтижесі бойынша олар құқықтарын қорғау үшін қалай әрекет етуді түсінуі керек. Ой-пікірін білдіру құқығына сонымен біге пикетке немесе митингіге шығу құқығы да жатады, жұртқа оны заң бойынша қалай дұрыс жасауды түсіндіру керек, - деді Азаттық тілшісіне талап арыз иесі Әлия Садырбаева.

Белсенді Қарағанды қаласының әкімі мен әкімдігінің жалғыз адамдық пикет өткізу туралы өтінішін қанағаттандырудан заңсыз бас тартқанымен және "Садырбаеваның пикет өткізуіне тыйым салу" туралы қаулысымен келіспей, олардың үстінен сотқа арызданған. Садырбаева өзі алдына барып, жалғыз адамдық пикет өткізбекші болған Қарағанды облысы әкімдігін де осы іске қатысы бар үшінші тарап ретінде көрсеткен. Бүгінгі сот отырысында биліктің пикетке тыйым салу туралы қаулысы заңға қаншалықты сәйкес екендігін анықтауға тырысты.

- Біз мониторинг өткізіп, талап арыз иесінің әлеуметтік желідегі постына жағымсыз пікірлер жазылғанын, онда пикеттің өтетін орны мен уақыты туралы сұрағандарын және қатер барын байқадық. Егер қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін болса пикет өткізуге тыйым салынады, - деді сотта Қарағанды қаласы әкімдігінің өкілі, заңгер Руслан Қансейітов.

Бұған дейін талапкердің арызына жазған пікірінде жауапкер тарап Қазақстан үкіметі отставкаға кетсін деген белсендінің талабы "қолданыстағы заңда қарастырылмағанын" және "Қазақстан Республикасының үкіметі туралы" конституциялық заңды бұзатынын" алға тартқан. Сонымен бірге жауапкер Қарағандыда "үкіметтің отставкасы туралы шешім қабылдайтын мемлекеттік органдар немесе лауазымды тұлғалар жоқ болғандықтан" әлгіндей талаппен Қарағандыда пикет өткізу "жөнсіз" деген уәж білдірген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG