Accessibility links

Вице-министр: Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін жұмыс істеп жатырмыз


Светлана Жақыпова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Астанадағы бес баланың өліміне қатысты пікір білдірді.

"Алдағы уақытта бұл шаралар (көпбалалы отбасыға көмек шаралары - ред.) туралы естисіздер. Қазір министрлік көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуді жетілдіру үшін жұмыс істеп жатыр. Ешқандай шаралар қолданылған жоқ деп ойламаңыздар... Министр (Мадина Әбілқасымова) өткен аптадан бері ауырып жатыр... Кеше [балалары қаза тапқан отбасына] барып, көңіл айттық. Министр де барып қайтты" деді вице-министр.

Журналистер вице-министрден "балалардың ата-анасы неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр болған?" деп сұрады. Жақыпова журналистер сауалына "бұл - олардың өз таңдауы" деп асығыс жауап берді.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында Шыңғыстау көшесіндегі жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес баласынан айырылған отбасыға көңіл айтты.

Оқи отырыңыз: "30 шаршы метрдегі өртті 1 сағаттай сөндірген"

"Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған" деп хабарлады Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Аягөз Фазылова. Туыстарының сөзінше, балалардың анасы содан үш күн бұрып жұмысқа шыққан, әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген.

Өрттен соң Астана әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл кеңес өткізіп, аудан әкімдерінен полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп дереу қаладағы жеке тұрғын үйлерді аралап шығуды және әр үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді талап еткен. Әкім "Бұл сіздердің қателіктеріңіз" деп төтенше жағдайлар қызметін сөккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG