Accessibility links

Назарбаев президент өкілеті жайлы сауалының себебін түсіндірді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында. Астана, 30 қаңтар 2019 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында. Астана, 30 қаңтар 2019 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін президент өкілеті туралы заң тармағын түсіндіруді сұрап Конституциялық кеңеске берген өтініші жайлы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Ақорданың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған видеода Назарбаев Конституциялық кеңеске сауал жолдауының себебін орыс тілінде түсіндірген.

Назарбаев Қазақстанның қолданыстағы конституциясы қабылданған 1995 жылдан бері Конституциялық кеңеске 220 өтініш берілгенін, соның ішінде өзі 22 өтініш жолдағанын айтты. Оның сөзінше, Конституциялық кеңестің заңнамадағы кейбір олқылықтарға байланысты түсіндірме беруі – қалыпты процесс.

"Мысалы, маған [президенттің] қандай жағдайда өз еркімен қызметінен кететіні жайлы сұрақтар қойды. Конституцияда бұл қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Маған осы туралы сұрақтар түскеннен кейін Конституциялық кеңестен осы ережені түсіндіріп беруді сұрадым" деген Назарбаев.

Президент қазіргі кезде қоғамда жиі айтылып жүрген [кезектен тыс] сайлау, [билік] транзиті тәрізді мәселелер жайлы пікірін де білдірді.

"Конституцияны, заңдарды, президент туралы заңды оқыңыздар. Онда сайлау қашан өтетіні, қашан мерзімі келетіні нақты көрсетілген. Иә, конституция бойынша президенттің мерзімінен бұрын сайлау өткізуге құқығы бар. Бірақ бізге ондай қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан сабырға келіп, қалыпты жұмыс істейік" деді президент.

Оқи отырыңыз: Назарбаев президент өкілеті туралы неге сұрады?

4 ақпанда Назарбаев Конституциялық кеңестен Конституциядағы "президент өкілетінің тоқтауы туралы 42-бабы 3-тармағын түсіндіруді" сұраған еді. Ол бапта "президент өкілеттігі жаңадан сайланған ел президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы президенттерінің бәрі, қызметінен кетірілгендерден басқасы, Қазақстанның экс-президенті деген атағы болады" деп жазылған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып келеді. Ресми мәлімет бойынша, 2015 жылғы президент сайлауында Назарбаев 97 пайыз дауыс алып, бұл қызметке бесінші рет сайланған.

2018 жылы қазақстандық журналистерге берген сұхбатында ол "Қазақстанда кезектен тыс сайлау жоспарланбағанын" мәлімдеген еді. Былтыр Финляндияға барған сапарында Назарбаев "алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспайтыны туралы кейін жариялайтынын, 2020 жылға дейін әлі уақыт барын" айтқан болатын.

Конституция бойынша, Қазақстанда кезекті президент сайлауы 2020 жылы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өтуі тиіс.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG