Accessibility links

Астана АҚШ пен Ресейдің зымыран шешіміне алаңдайды


9М729 зымыраны.
9М729 зымыраны.

Қазақстан АҚШ пен Ресейдің орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен (ОКҚРШ) шығуына алаңдаушылық білдіреді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі хабарлады.

СІМ мәлімдемесінде: "Қазақстан тарапы шарттың сақталуын, барлық талаптарының орындалуын қолдайды. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт - қарусыздануда елеулі прогреске қол жеткізуге мүмкіндік берген тарихи келісім" деп жазылған.

Министрлік "шарттан шығу қадамы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретіні" айтқан. Ресми Астана "президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2045 жылға орай ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге арналған бастамаларының өзекті екенін" ескерткен. Қазақстан өз мәлімдемесінде АҚШ пен Ресейді мәселені келіссөз арқылы шешуге шақырған.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 2 ақпаннан бастап зымыран жою келісімін тоқтататынын мәлімдеген. Трамп жазбаша мәлімдемесінде: "Ресей [келісімді бұзатын] әрекетін бүркемелеп жатқанда біз [келісімнің] шарттарымен шектеліп отыра алмаймыз" деген. Кейін Ресей президенті Владимир Путин де "америкалық әріптестер келісімнен шығатынын жариялады, біз де солай істейміз" деп, жауап ретінде шарттан шығатынын айтқан.

1987 жылы АҚШ пен Совет Одағының басшылары қол қойған "Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою" келісімі Еуропа мен өзге де аймақтағы бейбітшіліктің кепілі ретінде қабылданып келген. Бірақ соңғы уақытта Вашингтон мен Мәскеу бұл құжатқа қатысты келіспей қалып жүрген.

АҚШ пен НАТО 9M729 атты ядролық қанатты зымыран жасау арқылы Ресей тарихи келісімді бұзды деп айыптаған. Ал Ресей "бұл зымыранның ұшу алыстығы 500-ден аспайды, сәйкесінше келісім шарттарын бұзған жоқпыз" деген.

.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG