Accessibility links

Астанада наразы аналар президент пен үкіметке талап қойды


Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев наразы аналармен кездесуде сөйлеп тұр. Астана, 6 ақпан 2019 жыл.

6 ақпанда Астана мен Алматыда ана мен бала мәселесін көтерген тұрғындар жергілікті билікке талаптарын жеткізді.

Астанадағы "Астана" концерт залына жиналған наразы аналармен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев кездесті. Билік өкілімен кездесуде сөйлеген аналар Астанада бес баласы өрттен мерт болған отбасындағыдай жағдай өз бастарына да барын айтты. Олар баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларының проблемасы мен балаға мемлекеттен төленетін жәрдемақы жайын қозғады.

"Бұл жерге жиналған барлығымызға ортақ мәселе – баспана. Әрқайсымыз бірнеше бала өсіріп отырған анамыз, бізге үй берілсін!" деді сөйлегендердің бірі.

Жиында сөз алған Шолпан Қырғызбайқызы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аналардың атынан жазылған хатты оқыды. Онда биліктен Қазақстанда әрбір балаға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс минимумы көлемінде, ал кішкентай баламен отырған анаға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін деген талаптар айтылған. Үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тегін пәтер беруді талап еткен. Хат авторлары билікке қойған талаптарын қарауға жеті күн мұрсат беретінін ескерткен.

Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиында айтылған мәселелердің "заң жүзінде қарастырылатынын" айтты.

Жиналғандардың бірі өз талаптары орындалғанша ұдайы осылай жиналып тұратынын айтты.

Астанадағы жиыннан Азаттықтың тікелей трансляциясы:

Сәрсенбі күні таңертең Алматыда қала әкімдігіне келген бірнеше адамды шенеуніктер ғимараттың ішіне кіргізіп, журналистердің кіруіне рұқсат етпеді.

Оқиға ортасында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, шенеуніктер ішке кіргізіп алғандардың арасында бұған дейін Астанада бес баланың ажалына себеп болған жеке үйдегі өрттен кейін әлеуметтік желіде ана мен баланы қорғау туралы акция өткізу туралы бастама көтерген белсенділер де бар.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің дерегінше, өрт балалардың ата-анасы жұмыста болған кезде болған. Отбасы көпбалалы ретінде тіркеуде тұрған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG