Accessibility links

Гуайдо Рим папасынан жанжалға арағайын болуын сұрады


Венесуэла парламентінің басшысы Хуан Гуайдо.
Венесуэла парламентінің басшысы Хуан Гуайдо.

Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо Рим папасы Францисктен елдегі жанжалды реттеуге арағайын болуын сұрады. Ол бұл туралы Sky TG24 телеарнасы эфирінен мәлімдеді. Гуайдоның сөзінше, понтифик тәрізді тұлғалар Венесуэлада еркін сайлау өткізуге ықпал ете алады. Ол осыдан 25 жыл бұрын Рим католик шіркеуінің басшысы Иоанн Павел II Венесуэлаға сапармен келгенін еске салып, елге келуге ықылас білдірсе қазіргі понтификті қуана қарсы алатынын айтты.

Бұған дейін Венесуэла президенті Николас Мадуро да Рим папасынан оппозициямен диалог өткізуге жәрдемдесуін сұраған болатын.

Папа Франциск егер мұндай өтініш жанжалға қатысушы екі тараптан да түссе арағайын болуға келісуі мүмкін екенін мәлімдеген. Ол 1978 жылы Чили мен Аргентина арасындағы даулы аралдар туралы келіссөздерге Ватиканның қатысқанын еске салған. Ол жолы даулы мәселе бейбіт жолмен шешілген еді.

Президент Николас Мадуро мен оппозиция арасындағы жанжал салдарынан Венесуэла конституциялық дағдарысқа тап болды. Елде 2014 жылдан бері билікке қарсылық акциялары басылмай келеді.

Қаңтардың соңында Венесуэла Ұлттық ассамблеясы (парламент) басшысы әрі оппозиция лидері Хуан Гуайдо Мадуроның қызмет міндетін дұрыс атқара алмай отырғанын мәлімдеп, өзін "уақытша президентпін" деп жариялады. АҚШ, Канада, Израиль, Еуропа одағы елдерінің бірқатары мен Латын Америкасы мемлекеттерінің көбі оны Венесуэланың уақытша президенті деп таныды.

Бұған дейін Мадуро елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты қабылдамай, оның орнына парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге шақырған еді. Ол АҚШ-ты Венесуэлаға әскер кіргізуге дайындалып жатыр деп айыптады. Мадуроны Ресей, Куба, Түркия мен Қытай қолдайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG