Accessibility links

"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің соты басталды


"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш.

12 ақпанда Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотта Қытайдан келген этникалық қазақ, "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштың үстінен сот отырысы басталды.

Сот отырысының басында істі жүргізуші судья Алматы қаласы Медеу аудандық полициясы "Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестік қызметіне басшылық жасау" деген айыппен әкімшілік іс қозғағанын хабарлап, Серікжан Біләштен жауап алды.

Серікжан Біләш өзіне тағылған айыппен таныс екендігін, бірақ оны мойындамайтын айтты. Оның сөзінше, "Атажұрт еріктілері" - Қытайдағы этникалық қазақтардың хал-ахуалына жаны ашитын ерікті адамдардың әлеуметтік желіде құрылған тобы. Бұл топқа кез келген адам қосыла алады және шығып кете алады. Ол адамға қандай да бір мүшелік куәлік берілмейді. Бұл топтағылар Қытайдағы этникалық қазақтарға түрлі қайырымдылық, ағартушылық жолдармен көмектесуді көздейді. Сондықтан оны қандай да бір арнайы ұйым деп атауға болмайды".

Серікжан Біләш өзін ұйым жетекшісі емес, әлеуметтік желідегі осы топтың "админі" деп санайтынын айтты.

Судьяның "Атажұрт еріктілері" тобының арнайы кеңсесі және тұрақты мекен-жайы бар ма?" деген сұрағына Серікжан Біләш "арнайы кеңсесі бар, бірақ ол - осы топқа мүше кәсіпкердің атына жалға алынған кеңсе" деп жауап берді. Ол "Ата жұрт еріктілері" тобын қоғамдық ұйым ретінде тіркеу үшін әділет министрлігіне былтыр, 2018 жылы екі рет құжат тапсырғанын, бірақ тіркемегенін айтты

Судья "Атажұрт еріктілерінің" жасаған қайырымдылық істері мен шараларына баға бермейтінін айтты және "әлеуметтік желідегі топ қоғамдық ұйымға немесе бірлестікке жата ма?" деген сауалға жауап беруден бас тартты.

Судья әкімшілік іс қозғаған Медеу ауданы полициясының өкілін тыңдау үшін сот отырысын 13 ақпанға қалдырды. Отырыс ашық өтті, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Серікжан Біләшке қолдау көрсетуге келгендердің көпшілігі сот залына сыймай далада күтіп тұрды.

Серікжан Біләш бірнеше рет Алматыда Қытайда туысқандары қамалған қазақтардың жиынын өткізген. Ол Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтіп, жауапқа тартылған Шыңжаң қазағы Сайрагүл Сауытбайдың сотында да белсенділік танытқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Қазақстан премьерлерінің тарихы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG