Accessibility links

Еуроодақ елдері Ресейді Донбастағы жанжалды қоздырмауға шақырды


БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы. (Көрнекі сурет.)

Франция, Германия, Ұлыбритания, Бельгия мен Польша Ресейді Украинаның шығысындағы сепаратистерге қаржылай және әскери көмек көрсетуден бас тартып, қарулы жанжалды қоздыруды доғаруға шақырды. Ресейдің Қырымды аннексия жасап алғанына бұрынғысынша қарсы Еуропа елдері Мәскеудің іс-әрекеті Украинаның егемендігі мен территориясының тұтастығын бұзады әрі әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіреді деп санайды. Бұл туралы Еуропа одағы елдері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинадағы жағдайға арналған отырысында бірлескен мәлімдеме жасады.

БҰҰ Донбастағы жанжалды реттеу бойынша Минск келісімінің сәтсіз болғанын мойындайды. БҰҰ бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча төрт жыл бұрын жасалған келісім "көбіне орындалмай отыр" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу жөніндегі келіссөздерге қатысушылардың "бұрынғы екпіні бәсеңдеген, ал негізгі тараптар келісімді бекітуге қабілетсіз немесе құлықсыз". "Еуропаның төріндегі" бұл жанжал әлі тыншыған жоқ, құрбандар үсті-үстіне қосылып жатыр деді Енча. Оның сөзінше, жанжал басталғалы бері оған қатысушылар атысты доғару туралы оннан аса рет келісім жасасқанымен ұзаққа бармай оны бұзған.

Украинаның шығысында жанжал басталған 2014 жылдан бері үш мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, кемінде тоғыз мың адам зардап шеккен. Луганск және Донецк облыстарында бір жарым миллион адам босқынға айналған. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша көмекшісі Урсула Мюллер хабарлады. Оның айтуынша, 2019 жылы Донбастағы жанжалға қатысушылардың арасын бөліп тұрған сызықтың екі жағындағы тұрғындарға гуманитарлық жәрдем жеткізуге 162 миллион доллар қажет болады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы қарсаңында БҰҰ Украинаға гуманитарлық көмек көрсететін бірлескен қор құрылғанын жариялады. Қор доноры ретінде қатысатын үкіметтер, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардан түскен жарна жергілікті жердегі гуманитарлық шараларды қолдауға жұмсалмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG