13 ақпанда Павлодар облыстық сотының апелляциялық алқасы Семейдегі ОВ - 156/15 түзету мекемесінің қызметкері Жәнібек Жанғазиевтің шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Арыз иесінің алты ай ішінде Жоғарғы сотқа шағымдануға құқы бар.
Жанғазиев былтыр қазан айында павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен сотқа арызданып, өзі жайлы "жалған ақпарат таратқаны" үшін кешірім сұрауын талап еткен. Ол талабын Павлодар облыстық соты қанағаттандырмай қойған соң түрме қызметкері апелляциялық шағым жазған.
- Сот менің жазбамда ешқандай ақпараттық мәлімет жоғын түсіндірді. Не есімі, не фамилиясы көрсетілмеген. Сондықтан алғашқы инстанцияның шешімі заңды деп ұйғарды, - деді құқық қорғаушы Елена Семенова апелляциялық алқа шешімі туралы Азаттыққа.
Апелляциялық шағым иесінің пікірі білу мүмкін болмады. Жанғазиев сотқа қатысқан жоқ, телефон қоңырауына жауап бермеді.
Жәнібек Жанғазиевтің шағымына Семенованың былтыр Facebook-тегі парақшасында жариялаған "түрме қызметкерлері жазасын өтеушілерді тұншықтырды" деген жазбасы негіз болған. Онда түрме қызметкерлерінің фамилиясы жазылмаған, тек біреуінің есімі ғана көрсетілген.
Құқық қорғаушының жазбасына байланысты Жанғазиевпен бірге оның әріптесі Сұңғат Абраев та сотқа шағым түсірген. Екеуінің арызы екі бөлек қаралды.
Абраев сотқа арызында жауапкерден "жазбасындағы жалған мәліметтерді жоққа шығаруды және моральдық залал келтіргені үшін 500 мың теңге өтемақы төлеуді" талап еткен. Биыл 29 қаңтарда Павлодар қалалық соты Абраевтың шағымын ішінара қанағаттандырып, Семенованы оған 50 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеген.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Онымен келіспеген Елена Семенова апелляциялық шағым түсірген.
Тұтқындар құқығын қорғаумен айналысатын Елена Семенованың үстінен 2015 жылы күзде "әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратқан" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған, бірақ бір жылдан соң билік бұл істі жапқан.
ПІКІРЛЕР