14 ақпанда кешке Астанадағы Тұран 5 мекен жайындағы Highvill Kazakhstan компаниясының кеңсесі орналасқан ғимаратта өрт шықты. Сағат 21:00 шамасында басталған өрт 14 ақпанда сағат 01: 42 кезінде толық сөндірілді деп хабарлады ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Нұрахметов Азаттыққа. Оның айтуынша, Highvill Kazakhstan компаниясының жеке тұрған кеңсесінде шыққан өрттен адамдар зардап шекпеген.
- Күзетші бірден сыртқа шығып кеткен. 1500 шаршы метр аумақты алған өрт, ғимараттың іші түгел құлап жатқандықтан қауіпсіздік мақсатында сыртынан сөндірілді, -дейді ол.
Өртті 25 арнайы техника мен жеке құрамның 95 қызметкерінің күшімен сөндірген.
Астанадағы Highvill тұрғын үй кешенінде 2017 жылы да өрт шығып, Назарбаев университетінің медицина мектебінде дәріс оқитын нигериялық профессор әйелі және екі баласымен бірге қаза болған еді.
ПІКІРЛЕР