Accessibility links

Ресейлік "Адам құқықтары үшін" ұйымы "шетел агенті" деп танылды


Ресейлік "Адам құқықтары үшін" қозғалысының жетекшісі Лев Пономарев.
Ресейлік "Адам құқықтары үшін" қозғалысының жетекшісі Лев Пономарев.

Ресей әділет министрлігі құқық қорғаушы Лев Пономарев басқаратын "Адам құқықтары үшін" ("За права человека") қозғалысын "шетел агенті" деп танылған ұйымдар тізіміне қосты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Әділет министрлігі өкілдері қозғалыс құжаттарын жоспардан тыс тексеріп, соның негізінде оны "шетел агенті" деп танылғанын айтады. Министрлік қаңтардың ортасында бас прокуратураның талабы бойынша "Адам құқықтары үшін" қозғалысын тексеруді бастағаны хабарланған. Кейін ол тексеруге кремльшіл SERB қозғалысының белсенділерінің арызы негіз болғаны анықталған. SERB белсенділері бұған дейін "Адам құқықтары үшін" қозғалысы кеңсесіне бірнеше рет баса-көктеп кіріп, оның жұмысына кедергі жасауға тырысқан.

Лев Пономарев "Адам құқықтары үшін" қозғалысын биліктің "шетел агенті" деп тануына құқық қорғау қызметіне қатысы бар мүлде басқа ұйымның шетелден алған гранты себеп болуы мүмкін деп санайды.

"БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінен ресми түрде грант алған "Жедел желі" атты үкіметтік емес ұйымым бар. Оны ешқашан жасырған емеспін. Ал "Адам құқықтары үшін" қозғалысы шетелден ақша алған жоқ" деген Пономарев "Интерфакс" агенттігіне.

Пономарев әділет министрлігінің шешімін өзінің тұтқындалуымен және "Адам құқықтары үшін" қозғалысына президент грантын беруден биліктің бас тартумен байланыстырады. Ол өзі басқаратын ұйым құқық қорғау қызметін жалғастыра береді деп үміттенеді. Пономарев министрліктің шешіміне қарсы шағым беруді "бос әурешілік болады" деп санайды.

Ресейдің "шетел агенті туралы" заңы 2012 жылы қабылданған. Заң бойынша, шетелден қаржы алатын және саяси қызметпен айналысатын барлық үкіметтік емес ұйымдар "шетел агенті" деп танылып, арнайы тізімге алынады. Бұл ұйымдар әр жарты жыл сайын мемлекеттік органдарға қызметі туралы есеп беріп, алған қаржысын толық көрсетіп отыруға міндетті.

Құқық қорғау ұйымдары бұл заңның мақсаты - билікке қарсы ой-пікірді тұншықтыру деп санайды. Ресейдің "шетелдік агент" заңын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері сынаған.

Ресейдің "Адам құқықтары үшін" қозғалысын 1997 жылы құқық қорғаушы Лев Пономарев құрған. Оған дейін Пономарев "Мемориал" қоғамдық ұйымын құруға қатысқан.

Өткен жылы желтоқсанда Ресей соты 77 жастағы Лев Пономаревты "Сеть" ("Пенза ісі") және "Новое величие" істері бойынша айыпталғандарды қолдау акциясына қатысуға шақырғаны үшін 25 тәулікке әкімшілік қамауға алуды бұйырған. Кейін қалалық сот қамау мерзімін азайтып, Пономарев Мәскеудегі арнайы абақтыда 16 тәулік әкімшілік қамауда отырып шыққан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG