Accessibility links

Сот 77 жастағы құқыққорғаушыға 25 тәулік кесті


Ресейлік құқыққорғаушы Лев Пономарев (ортада) наразылық акциясында тұр. Мәскеу, 28 қазан 2018 жыл.
Ресейлік құқыққорғаушы Лев Пономарев (ортада) наразылық акциясында тұр. Мәскеу, 28 қазан 2018 жыл.

Мәскеудің Тверь аудандық соты белгілі ресейлік құқыққорғаушы 77 жастағы Лев Пономаревті "жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 25 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Мәскеудің Тверь аудандық соты желтоқсанның 5-і күні ресейлік "Адам құқықтары үшін" ("За права человека") қозғалысының жетекшісі Лев Пономаревті "Сеть" ("Пенза ісі") және "Новое величие" істері бойынша айыпталғандарды қолдау акциясына қатысуға шақырғаны үшін 25 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Сот отырысына қатысқан бірлескен қоғамдық бақылау тобы (ОГОН) өкілдерінің хабарлауынша, сот 77 жастағы құқыққорғаушыны "акция өткізу тәртібін қайта бұзғаны үшін" айыпты деп таныған.

Ресей президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің басшысы Михаил Федотов Тверь аудандық сотының шешіміне наразылық білдірген.

"Соттың айыппұлмен шектелуіне болар еді. Қалалық сот Тверь сотының шешімін ең жақын түзейтін шығар деп үміттенемін", - деген Федотов.

Лев Пономаревтің үстінен әкімшілік істі Мәскеудің Красносельский ауданы бойынша полиция бөлімі желтоқсанның 2-і күні қозғаған. Оған "Эхо Москвы" радиостанциясы сайты көшіріп жариялаған құқыққорғаушының жазған посты себеп болған. Ал "Біздің және сіздердің балаларыңыз үшін" деп аталған рұқсат етілмеген акция Мәскеу, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Дондағы Ростов, Иркутск және Пенза қалаларында қазанның 28-інде өткен болатын.

Полиция наразылық акциясына қатысушыларды ұстап жатыр. 28 қазан 2018 жыл.
Полиция наразылық акциясына қатысушыларды ұстап жатыр. 28 қазан 2018 жыл.

Мәскеуде рұқсат етілмеген акцияға қатысқан 18 адам, Санкт-Петербургте - 40 азамат ұсталған.

Лев Пономаревтің қоғамдық қорғаушысы Ирина Яценконың айтуынша, құқыққорғаушыны Мәскеуде осы айда кезекті наразылық акциясын өткізу ниетіне байланысты тұтқындауы ықтимал.

Лев Пономаревтің қоғамдық қорғаушысы Ирина Яценконың сөзі:

- Біз оны тұтқындауға желтоқсанның 16-сы күні Пушкин алаңында тағы бір наразылық акциясын өткізу туралы берілген өтініш себеп болған деп санаймыз. Сірә, осы акцияны ұйымдастырушылардың бірі әрі өтініш беруші ретінде оны алаңдағы шараға қатыстырмау үшін "бірнеше тәулікке" қамағылары келеді. Және бұл осы митингіні өткізуге тыйым салуға сылтау болуы мүмкін, - дейді Яценко.

Физика-математика ғылымдарының докторы Лев Пономарев 1980-жылдардан бері құқыққорғау қызметімен айналысып келеді: ол "Мемориал" қоғамын құруға, құқыққорғаушы ұйымдардың "Адам құқықтары үшін" ("За права человека") қозғалысына бірігуіне атсалысқан. Лев Пономарев бірінші шақырылымдағы Ресей Мемлекеттік думасының депутаты болып сайланған, "Өзге Ресей" ("Другая Россия") коалициясының құрамында болған.

Бұған дейін Мәскеудің Тверь аудандық соты тағы екі ресейлік танымал құқыққорғаушы - "Азаматтық жәрдем" ("Гражданское содействие") комитетінің жетекшісі Светлана Ганнушкина мен "Мемориал" қоғамы кеңесінің мүшесі Олег Орловтың әрбіріне 10 мың рубль айыппұл салған. Қазір Шешенстанда қамауда отырған құқыққорғаушы Оюб Титиевті қолдап шілденің 9-і күні Мәскеудің Манеж алаңына акцияға шыққанда полиция қызметкерлері ұстаған екеуін Тверь аудандық соты "бұқаралық шара өткізу тәртібін бұзғаны" үшін айыпты деп таныған.

"СЕТЬ" ІСІ

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) мәліметінше, "Сеть" тобы 2014 жылы Пенза қаласында құрылған. Ұйым мақсаттары арасында президент сайлауы мен әлемдік футбол чемпионаты кездерінде жарылыстар ұйымдастыру, қарулы көтеріліс жасау, жергілікті әкімшілік басшыларын, "Единая Россия" партиясы жетекшілерін, ішкі істер органдары бөлімшелері бастықтарының көзін жою болған дейді ФСБ.

"Сеть" ісі бойынша тоғыз адам тұтқындалған. Адвокаттарының мәлімдеуінше, ұсталғандардың барлығы қамауда ауыр азап шеккені туралы шағым айтқан.

"Сеть" ісі бойынша тұтқындалғандардың арасында Қазақстан азаматы, Петропавлда туған 24 жастағы Виктор Филинков та бар. Оған Ресей Қылмыстық кодексінің 205.4-бабы 2-бөлімі (“террорлық қауымдастыққа қатысу”) бойынша айып тағылып отыр.

"НОВОЕ ВЕЛИЧИЕ" ІСІ

Бұған дейін белгісіз болған "Новое величие" қозғалысының он мүшесін ФСБ биыл наурыздың ортасында Мәскеу қаласында тұтқындаған. Олардың үстінен "Экстремистік қауымдастық құру және оған қатысу" айыбымен қылмыстық іс қозғауға Ішкі істер министрлігінің "Э" орталығының жедел уәкілі, полиция капитаны Михаил Расторгуев пен оның агенттерінің, бұған қоса ұйым құрамына енгізілген ФСБ қызметкері мен тағы бір құпия куәгердің берген куәліктері негіз болған. Олар "Ресейде мемлекеттік билікті құлатуды жоспарлаған экстремистік ұйымды" құрушылар мен оның жарғысын жазғандар қатарында болған.

"Сеть" және "Новое величие" істері бойынша тұтқындалған жасөспірімдердің ата-аналары балаларына тағылған айыптарға қоғам назарын бұрғылары келеді, бұл үшін олар бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген. Биыл жазда "Аналар маршы" наразылық акциясы өткеннен кейін "Новое величие" ісі бойынша тұтқындалған 18 жастағы Аня Павликова мен 19 жастағы Маша Дубовикті тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырған.

Аня Павликова мен Маша Дубовиктің тергеу абақтысынан шығуы:

("Настоящее время" сайтының материалы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG