Қазақстанда браконьерлік қылмысқа күдіктілерден тәркіленген жабайы жануарларды сараптама кезінде мал ретінде бұрмалап көрсету оқиғалары жиі кездеседі. Бұл туралы 14 ақпанда парламент мәжілісінде браконерьлікке қарсы күрес мәселесі бойынша өткен жиында ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов мәлімдеді.
Оның сөзінше, сараптамаға жауапты адамдар айыппұл көлемін азайту үшін браконьерлер атып алған жабайы жануардың санын кемітіп көрсетеді. Рыскелдинов ел аймақтарында ондай сараптама жүргізуге лицензиясы бар ұйымдар тым көп деп санайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілі соңғы төрт жылда браконьерлерге қарсы жүргізілген істер туралы деректер келтірді. 2014 - 2018 жылдар аралығында қозғалған 539 істің тек 225-і (40 айызға жуығы) ғана сотқа жеткен. Браконьерлік қылмысына күдіктілер мінген 379 автокөлік ұсталған. Сотқа дейін жеткен материалдарда олардың үштен бірі ғана көрсетілген, тәркіленген көлік саны – 37.
Рыскелдиновтың хабарлауынша, осы кезең ішінде құқық органдары қызметкерлері мен орман және аң шаруашылығы комитетіне қарасты ұйым инспекторларының қатысуымен 15 браконерьлік қылмыс оқиғасы тіркелген.
Браконьерлік қылмысы биыл 13 қаңтарда Қарағанды облысында болған оқиғадан кейін қоғам назарын аудартқан еді. Киікті заңсыз атқан деген күдікке іліккендер "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорнының екі инспекторын соққыға жығып кетті. Олардың бірі Ерлан Нұрғалиев алған жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болды. Бұл қылмысқа күдіктілер арада бірнеше күн өткенде ұсталды.
ПІКІРЛЕР