Accessibility links

Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстаннан депортацияланған


Полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет

15 ақпанда адам құқығы жөніндегі италиялық федерацияның өкілдері, құқық қорғаушылар Людмила Ворошина мен Валерий Явтушенко шұғыл түрде Астанадан Киевке депортацияланған. Бұл мәліметті Азаттық тілшісіне федерацияның Польшадағы өкілі Максим Сытников хабарлады.

Украинаның екі азаматын полиция 14 ақпан күні кешке қарай ұстап, алып кеткен. Оларға қатысты қозғалған әкімшілік іс сол күні түнде Астанадағы арнайы мамандандырылған әкімшілік сотында қаралған.

Федерация өкілі Максим Сытниковтың айтуынша, олар 15 ақпан күні жұмыстан шеттетілген Ақтау қалалық сотының судьясы Мәлік Кенжалиевпен бірге Астанадағы бірқатар елдің елшілік өкілдерімен кездесіп, сенбі күні кетуі тиіс болған.

Азаттық тілшісі Астана полициясына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Ал Астана қалалық полициясына сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер құқық қорғаушылардың "жеке шаруаларымен келіп, сапарына қатысы жоқ іспен айналысқанын", олардың жедел-профилактикалық шара аясында ұсталғанын жазды.

Бұған дейін Людмила Ворошина мен Валерий Явтушенко "жұмыстан шеттетілгенін" мәлімдеген судья Мәлік Кенжалиевтің баспасөз конференциясына қатыспақ болған. Кенжалиев Азаттыққа берген сұхбатында қызметтен алынуына жоғарыдағы басшылықтың елде экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін істі болған Айгүл Ақбердиеваны соттау туралы бұйрығын орындамағаны себеп болғанын мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметінен шеттетілді

Ал 14 ақпанда Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов бұл мәліметті жоққа шығарды.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG