Accessibility links

Асанов өкілеті тоқтатылған судья Кенжалиев жайлы айтты


Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов.
Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов.

Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевті жұмыстан шеттетуге елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін өткен сот ісінің қатысы жоқ дейді. Асанов бұл туралы бүгін Астанада Азаттық тілшісінің сауалына жауабында айтты.

- Оны [ҚДТ ісі бойынша сотталушыны - Азаттық.] ақтау үкімін шығарған басқа судья, ол жұмысын жалғастырып жатыр. Оған ешқандай наразылық жоқ, - деді Асанов.

Жоғарғы сот басшысы Ақтау қалалық сотының төрағасын жұмыстан шеттетуге оның "судья әдебіне жатпайтын" қылығы себеп болды дейді.

- Ол [Мәлік Кенжалиев] әлі жұмыстан шыққан жоқ, өз қызметінде, сот жюриінің шешімі негізінде оның тек өкілеті уақытша тоқтатылды... Мәселе оның коттедж салғаны немесе қарызының бар-жоғына не қызметіне байланысты емес. Оның 1 минут 27 секундтық видеода айтқан әңгімесі, сот жюриі мүшелерінің пікірінше, әдеп кодексінің талаптарын бұзған, - деді ол.

Асанов судья Кенжалиевтің мәселесін қараған әдеп жөніндегі комиссия, Маңғыстау облыстық соты жанындағы төралқа мен Жоғарғы сот жанындағы төралқа ортақ ұйғарымға келіп, тиісті шешім қабылдағандарын айтады.

Жоғарғы сот төрағасы Қазақстанда соңғы екі жылда әдеп кодексін бұзғаны үшін 42 судья жазаланып, оның 24-і қызметтен босатылғанын айтты.

- Судья қай жерде, қай кезде, қай жағдайда болмасын өзін мәдениетті, дұрыс ұстауға міндетті. Олай болмаса жұмыстан босатылуы мүмкін, - деді Асанов.

11 ақпанда Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевтің судья өкілеті сот жюриі шешімімен тоқтатылған. 59 жастағы Кенжалиев Азаттыққа сұхбатында қызметтен алынуына жоғарыдағы басшылықтың елде экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін істі болған Айгүл Ақбердиеваны соттау туралы бұйрығын орындамағаны себеп болғанын мәлімдеген. Жұмыстан заңсыз қуылдым деп санайтын Кенжалиев "саяси себеппен" қысым көріп жатқанын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан көмек сұрады.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы сот төрағасы халықаралық қолдау іздейді

Мәлік Кенжалиев 2016 жылдың қараша айынан бері Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметін атқарып келді. Одан бұрын Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG