Астанада есеп беру жиынын өткізіп жатқан қала әкімі Бақыт Сұлтанов баяндамасын өрттен бес баласы қаза тапқан отбасына көңіл айтудан бастап, "бұл жағдай елде қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді көрсетті" деді.
- Осы бір оқиға көп балалы аналардың мәселесімен қатар, басқа да қордаланған әлеуметтік проблемалардың бар екенін көрсетті. Жасырмаймыз, қауіпсіздік тұрғысында жедел шешуіміз керек түйіткілдер бар. Біздің басты міндетіміз - осы кедергілерді жою және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу, - деді Сұлтанов.
Әкімнің сөзінше, қазір баспанаға мұқтаж астаналықтардың мәселесін шешу жолдары қарастырылып жатыр.
- Көп балалы әйелдерді жалдамалы пәтермен қамтуды қарастырып жатырмыз. Жалға беріп қана қоймай, кейіннен сатып алатындай етпекпіз. Яғни, қаржы жалға берген адамның қалтасына емес, пәтерді сатып алуға жинала береді, - деді Сұлтанов.
Әкім "көп балалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Нақты ақпар анықталып жатыр. Қазіргі күні есептеу әдістемесінің ерекшеліктеріне сай 10 мың осындай отбасының тек 4 пайызы (434 отбасы) ғана атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл – өте төмен көрсеткіш" деген.
Бұған дейін, ақпанның 15-і күні Астанада жүздеген әйел қала билігімен кездесуге келген. Олар әкім орынбасарын тыңдамай, Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың алдарына шыққанын талап етіп тұрып алған. Сәлден соң келіп, сегіз минуттай сөйлеген Сұлтановқа аналар сұрақтарын қоя алмады. Кейін Сұлтанов фойеде кейбір аналармен жеке сөйлесіп отырды.
Оқи отырыңыз: "Уәдеден шаршаған" аналар әкімге сұрақ қоя алмады
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.
ПІКІРЛЕР