Accessibility links

Венесуэланың жартысына жуығы жарықсыз қалды


Жарықсыз қалған Каракастың түнгі суреті. Венесуэла, 7 наурыз 2019 жыл.
Жарықсыз қалған Каракастың түнгі суреті. Венесуэла, 7 наурыз 2019 жыл.

Венесуэладағы 23 штаттың кемінде сегізі және ел астанасы Каракас аймағы электр қуатынан жаппай ажырағандықтан жарықсыз қалды деп хабарлады жергілікті El Nacional басылымы. Каракаста метро жұмысы тоқтап, қала әуежайына да кері әсер етті деп хабарлайды Bloomberg. Агенттік дерегінше, елдің оннан астам штатында жарық сөнген.

Венесуэла энергетика корпорациясы мұны "мемлекетке қарсы электр соғысын ашқандардың іріткісі" деп түсіндірген.

Қас қарайғанда көшеде отырған адамдар. Каракас, Венесуэла, 7 наурыз 2019 жыл.
Қас қарайғанда көшеде отырған адамдар. Каракас, Венесуэла, 7 наурыз 2019 жыл.

Венесуэла ақпарат министрі Хорхе Родригес электр қуатынан жаппай ажырауға Боливар штатында орналасқан Гури су электр станциясына жасалған кибершабуыл себеп болды деп мәлімдеді. Гури – әлем бойынша ең ірі су электр станцияларының бірі.

Венесуэла президенті Николас Мадуро бұған АҚШ-ты айыптады.

Bloomberg-ке пікір білдірген сарапшылар электр қуатынан ажырау Венесуэлада үнемі қайталанатын жағдай екенін, инфрақұрылымның құлдырауы энергетикалық дағдарысқа алып келгенін айтады.

Венесуэлада оппозиция мен президент Николас Мадуро арасындағы тірес биыл конституциялық дағдарысқа ұласқан. Елде Мадуро билігіне наразылық 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Мұнайға бай елдің тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмектен тапшылық көріп отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші миллион пайыздан асып кеткен.

Биыл қаңтарда Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президентімін деп жариялап, мерзімінен бұрын тәуелсіз сайлау өткізу туралы бастама көтерген. Гуайдоны АҚШ, Латын Америкасы мен Еуропа одағы елдерінің көбі қолдады. Ресей, Куба, Қытай және Мексика Мадуросты Венесуэланың заңды президенті деп санайды. Мәскеу Вашингтонды Венесуэладағы билікті күшпен өзгерткісі келеді деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG