Accessibility links

Ресейде "интернет еркіндігі" митингісінде ондаған адам ұсталды


Интернет бостандығына арналған Ресейдегі марш. Көрнекі сурет.
Интернет бостандығына арналған Ресейдегі марш. Көрнекі сурет.

Ресейдің бірнеше қаласында жексенбі күні, 10 наурызда дума қабылдаған "интернетті оқшаулау" заңына қарсы митингілер аяқталған соң полиция 13 адамды ұстаған.

Полиция күштеп әкеткендер арасында Азаттықтың орыс қызметі тілшісі Андрей Киселев те бар. Киселев полиция ешбір себебін айтпастан, азаматтарды автобусқа тиеп жатқанын видеоға түсіріп тұрғанда ұсталған. Журналисті бөлімшеге апарып, біраздан соң босатқан.

Бұған дейін жиын басталмай тұрып полиция 16 адамды ұстағаны хабарланған. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Полиция оларды аудандық полиция бөлімшесіне апарған.

Қарай отырыңыз: Митингіден соң полицияның азаматтарды ұстауы

"Белый счетчик" ұйымының белсенділері билік рұқсат еткен митингіге 15 мыңнан аса адам келгенін хабарлады. Бірнеше мың адам тексеруден өтетін орында кезек күтіп тұрған. Олардың кейбірі митинг аяқталғанша арнаулы орынға өтіп үлгермеген.

Бірақ Ресей билігі 6 мыңнан астам адамның келгенін хабарлады.

Митингіні ұйымдастырушылар таратқан мәлімдемеде: "Ресей бұл Иран емес, Солтүстік Корея емес, біз - өркениетті әлемнің бір бөлшегіміз. Бірақ Путин билігі Батысқа ілесе алмай қала беруіміз үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Цензура шырмауы барған сайын жайылып барады. Біз Ресейді халықаралық желіден оқшаулау туралы заңның қабылдануына қарсымыз және еркін интернетті талап етеміз" деп жазылған.

2019 жылы 12 ақпанда Ресей мемлекеттік думасы ресейлік интернет сегментін оқшаулау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Автономды интернет 20 миллиард рубльді талап етеді деп айтылады.

Заң жобасы авторларының айтуынша, жоба бүкіләлемдік интернет ажырап қалған жағдайда Ресей интернетінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Ал заң жобасына қарсы азаматтар көп қаржыны талап ететін заң жобасы ерте ме, кеш пе өзге мақсатта қолданылуы мүмкін деп алаңдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG