Accessibility links

Шымкент әкімімен кездесуді талап еткен аналарды оның орынбасары қабылдады


Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен кездесуді талап етіп тұрған аналар. 12 наурыз 2019 жыл.

12 наурызда Шымкентте қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен кездесуді талап еткен бір топ ананы қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қабылдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

"Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінде әкім орынбасары 1 сәуірден бастап көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдем, мүгедек баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы және баспана мәселесі туралы сұрақтарға жауап берді.

- Шымкентте 1 сәуірден бастап берілетін жәрдемақыға 20 мыңнан аса отбасы өтініш тапсырған, сәуір айында әлеуметтік жағдайы төмен 540 шаңыраққа, ал жыл соңына дейін мыңнан аса отбасыға пәтер беру жоспарланып отыр. Пәтер кезек ретімен беріледі, - деді Гүлжан Құрманбекова.

Кездесуден шыққан көп балалы аналардың кейбірі әкім орынбасарының жауабына көңілдері толмағанын айтты. Олар 1 сәуірге дейін күтетінін, егер өздері көтерген мәселелер шешілмесе тағы наразылық білдіретіндерін айтып тарады.

Сейсенбі күні таңертең Шымкентте ондаған көп балалы ана өздерімен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бір сағаттың ішінде кездеспесе, Тәуке хан көшесін (Шымкенттегі орталық көшелердің бірі - ред) жабатындарын мәлімдеген. Олар әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуді, мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейтуді талап етті.

Азаттық сөйлескен аналар "әкімдікке қанша келгенімізбен мәселеміз шешілмеді" деп шағымданған. Әкімдік пен прокуратура өкілдері аналарға сол маңдағы ғимарат ішіне кіріп сөйлесуді ұсынғанымен наразылар келіспеген.

Шымкенттік көп балалы аналар бұған дейін 25 ақпанда қала әкімдігіне Әбдірахымовпен кездесуді талап етіп барған. Әкім олармен кездесуге шықпай, аналардың арыз-өтінішін әкімдік қызметкерлері қабылдап алған еді.

16 ақпанда жүздеген ана жергілікті қалалық әкімдікке жиналып, әкіммен кездесуді талап еткен. Оларды қабылдауға қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова мен өзге шенеуніктер шыққан. Жиналғандар наразылық білдірген соң түстен кейін Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аналарды жеке қабылдай бастаған. Бірақ бұл уақытта аналардың көбі шағымдарын жазбаша қалдырып, үйлеріне тарап кеткен еді.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналар наразылығы күшейген.

Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда мен Шымкентте тұрғындар биліктен балаға төленетін жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді, қоғамдық көліктерде тегін жүруді талап еткен.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG