Accessibility links

Вице-министр: Тасқын қаупіне мән бермеген ондаған әкімге ескерту жасалды


Көктемгі тасқында су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

14 наурызда Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, жергілікті әкімдер көктемгі су тасқынына дұрыс дайындалмайды деп сынады. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлады.

Министр орынбасарының сөзінше, Қазақстанда 505 елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр. Министрлік өкілі тасқынның алдын алу үшін үкімет "арнайы жол картасын дайындағанын" айтты.

"Жол картасы бойынша әкімдіктер тасқынға дайындалуы тиіс еді. Бірақ кейбір өңірлер тасқынға дұрыс дайындалмайды. Ішкі істер министрлігінің жергілікті құрылымдары елді мекендердің 88 әкіміне ескерту жасады. Бұл жергілікті әкімдердің көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына немқұрайды қарап отырғанын көрсетеді" деді Ильин.

Министр орынбасары Қарағанды, Ақмола, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Ақтөбе облысындағы елді мекендердің әкімдері ескерту алғанын айтты.

Оқи отырыңыз: Тасқынның алдын алғаннан гөрі зардабымен күрескен тиімді ме?

Баспасөз мәслихатына қатысқан "Қазгидромет" басшысы Марат Қынатов биыл бірнеше облыстағы өзендерде су артығымен жиналғанын айтты.

"Қазгидромет" өкілінің сөзінше, Қарағанды облысында Нұра мен Кеңгір өзендерінде, Ақмола облысында Есіл мен Шағалыда, Солтүстік Қазақстанда Есіл өзенінде, Батыс Қазақстанда Утва, Чижа-2, Дерқұл мен Шаған өзендерінде, Қостанай облысында Тоғызақ пен Торғайда, Ақтөбе облысында Қосістекте судың нормасы былтырғыдан артық болып тұр.

Қынатов Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі жоғары екенін мәлімдеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда әр көктем сайын су тасқыны қалыпты жағдайға айналды. Әсіресе, ауыл тұрғындары қатты жапа шегеді. Жыл сайын билік тасқынға дайынбыз деп есеп береді, бірақ сел басқанда күш пен қаражат жетпей жатады. Кейін тасқыннан зардабын жою үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG