Accessibility links

Тасқынның алдын алғаннан гөрі зардабымен күрескен тиімді ме?


Көктемгі тасқын. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Көктемгі тасқын. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

Қазақстан билігінің хабарлауынша, биылғы көктемде бес жүзге жуық елдімекенде су тасқыны болуы мүмкін. Қазір тасқын қауіпі төнген аймақтар дайындықты бастап жатыр. Тасқын болған қалаларды зерттеушінің айтуынша, шенеуніктер төтенше жағдайдың алдын алудың орнына "салдарымен күресіп, қаржыны игеруге" құмар.

Су шайған үйлер, баспанасыз қалғандар және тасқын салдарымен күресуге кететін миллиондаған шығын. Соңғы жылдары Қазақстанда әр көктем сайын су тасқыны қалыпты жағдайға айналды. Әсіресе, ауыл тұрғындары қатты жапа шегеді. Жыл сайын билік тасқынға дайынбыз деп есеп береді, бірақ сел басқанда күш пен қаражат жетпей жатады. Кейін тасқыннан зардабын жою үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.

АТБАСАР ОҚИҒАСЫ

2017 жылдың сәуір айы. Астанадан екі жүз километрдей жерде орналасқан, 30 мыңдай халқы бар Атбасар қаласында тасқын болып, жүздеген үйді су басты. Шатырына дейін су алған ғимараттың суреті әлеуметтік желілерде тарап кетті. Ал оқиғадан бір апта бұрын билік тасқынға дайын екендіктерін айтқан. Ақпанда республикалық телеарнаның эфирінен "Атбасар су тасқынына дайын" деген сюжет берілді. Репортажда қала арқылы өтетін Жабай өзеніне салынған бөгетті қалай нығайтып жатқандарын көрсетті. Бірақ тасқын кезінде 200 миллион теңгеге салынған бөгет судың екпініне шыдамай, қирап қалды.

2018 жылы Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишовты "бөгетті салуға бөлінген ақшаны жымқырды" деген айыппен 10 жылға соттады. Билік жапа шеккендерге көмектесу үшін және жаңа тоған салу үшін мемлекеттік бюджеттен жүз миллион теңге шамасында ақша жұмсады. Биліктің дерегінше, 2017 жылғы тасқыннан 700-ден астам адам баспанасыз қалған.

Қазақстандағы тасқын. 2017 жылдың көктемі.

Тасқыннан зардап шеккендер көмекке зәру
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Атбасардың мәселесі әлі шешілмеді. Көктем сайын Жабай, Есіл өзендері арнасынан асып, тасқынға ұласады. 2009, 2014 және 2017 жылдары Атбасарда тасқын болды, билік төтенше жағдайға дайын болмай шықты.

Атбасар тұрғыны, "Ангел" қоғамдық бірлестігінің басшысы Людмила Петрова 2017 жылғы тасқыннан кейін жергілікті билікті өткеннен сабақ алуға шақырған. Ол әкімдікке өзен сағасын тазартып, жағалауларды бекітуге, кәсіби сарапшыларды тартуға кеңес берген. Петрованың сөзінше, су тасқынына сыбайлас жемқорлық пен жергілікті биліктің біліксіздігі себеп болған.

- Мені ешкім тыңдамады. Сол кезде мәселені дұрыстап негіздей алмағанымды біліп, магистратураға оқуға түстім. Алда білікті маманға айналып, су тасқыны мәселесін шешкім келді, - дейді ол.

Людмила Петрованың диссертация тақырыбы – "Атбасар қаласындағы Жабай өзеніндегі су тасқынын зерттеу және оның қаупін азайту шараларын әзірлеу". Ғылыми жұмысында Петрова Атбасардағы тасқын себептерін мұқият талдайды және "тасқынды алдын алу үшін кешенді шаралар жүйесін әзірлеп, жергілікті тұрғындар пікіріне құлақ асу керек" деген қорытындыға келді.

- Халықтың пікірін тыңдау өте маңызды. Олар билік білмейтін қауіп-қатерлерді білуі мүмкін. Кейде көнекөз тұрғындар сарапшылардың бағалауы мен ұсынысына қарағанда құнды кеңес береді. Тұрғындар тасқынға дейінгі және одан кейінгі шығынды бақылауы керек, - дейді ол.

Қазақстандағы тасқындар хроникасы

  • ІІМ дерегі бойынша, 2010 жылы Алматы облысында 14 ауданның 42 елдімекенін су басты. Қызылағаш ауылында су бөгеті жарылып, 1857 үйді су алып, оның 631-і қирады. 45 адам қаза тапты. 23 324 мал өлді. Сол жылы Шығыс Қазақстан облысында алты ауданның 24 елдімекенін су басты. 1 157 тұрғын үйді су алды, оның 536-сы қирады. 3906 ірі қара мал, 18 760 ұсақ мал және 648 жылқы суға кетті.
  • 2011 жылы Батыс Қазақстан облысында бес ауданның 38 елдімекенін су басты. 2600 астам тұрғын үй мен 7 146 саяжайды су алды. 610 бас мал өлді.
  • 2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда тоғыз ауданның 23 елдімекенін су басты. 254 үй мен мыңдаған ауланы су алды.
  • 2013 жылы Қостанай облысында үш ауданның 8 елдімекенін су басты, 94 тұрғын үй зардап шекті. Осы жылы Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында еріген қар суы "Көкпекті" бөгеті жарып, 149 үйді су басты, 38 үй қирады. Бес адам опат болды. 85 ірі қала мал, 304 ұсақ мал мен 109 шошқа өлді.
  • 2014 жылы Ақмола облысының бес ауданының 13 елдімекенінде 429 тұрғын үйді су басты.
  • 2015 жылы Қарағанды облысында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары мен 48 елдімекенді және тоғыз ауданның екі қыстауын су басты. 2121 тұрғын үй су астында қалды, 170-і қирады. 1 711 мал өлді.
  • 2017 және 2018 жылдары Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарында су тасқыны болды.

Негізгі мамандығы химик Петрованың айтуынша, билік тасқыннан қалай қорғану жолдарын жақсы білуі тиіс

- Атбасарда тасқын кезінде ондаған жылдар бойы шлакпен қорғанды. Оны қапқа салып, уақытша бөгет жасады. Күлді орталық қазандықтан алды және зиянды шлактың көзін жойды. Осылайша қомақты қаржыны игерді. Ал су деңгейі түскен соң жүздеген тонна шлак қабымен өзенге құйылды. Өзен таязданып, ағысы өзгерді. Соның нәтижесінен де тасқын болады, - дейді Петрова.

Атбасар әкімі Марат Асқаровтың қаланы басқарғанына бір жылдан асты. Ол жергілікті белсенді Людмила Петрованы таниды, бірақ диссертациясын оқымаған. Әкімнің айтуынша, қазір қалада тасқынға қарсы шараның бәрі жасалған, өзен аңғарын тереңдету жұмыстарын жүргізіп, жағалау маңындағы топырақ бөгеттер нығайтылған.

- Су деңгейі қандай болатынын әлі білмейміз. Қар деңгейі былтырға қарағанда 25 пайызға көп. Жер де былтырмен салыстырғанда 15 пайызға терең қатты. Яғни, қар көп, бірақ қардың жерге сіңуі аз. Дегенмен Айдабол бөгеті жағынан су келсе де, алдыңғы жылдардағыдай тасқын болмайды деп ойлаймыз. Су басатын аймаққа салынған үйлерді бұзып, тұрғындарыа пәтер бердік, - дейді Марат Асқаров.

Белсенді Петрованың пікірінше, шенеуніктер бөгет салу мен адамдарды тасқын орнына басқа жаққа көшіруге ғана мән береді, себебі ондай жұмыстан жақсы қаржы табуға болады. "Кейде билік үшін апатты жағдай мерекеге пара-пар ма деп ойлайсың, сол кезде пайда табады" дейді ол.

"Тасқын билік үшін тиімді, осы төтенше жағдай арқылы бюджет қаражатын игеруге болады" деген пікірге әкім Марат Асқаров: "Ондай әдіске қарсымын. Бірақ адамдар әртүрлі ғой, мүмкін біреуге пайда шығар. Бірақ су тасқынымен алысқан кімге тиімді? Құрылыс компанияларымен жұмыс істеп шаршайсың, салдарын жоясың. Мен өзім Атбасардың жергілікті тұрғынымын, сондықтан қалада тазалық пен тәртіп болғанын қалаймын" дейді.

505 ЕЛДІМЕКЕНГЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰР

Наурыздың 4-і күні ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тасқынға дайындық мәселесіне арналған жиында төтенше жағдай комитетінің (бұл комитет ІІМ-ге қарайды – ред.) аймақтақ департаменттеріне "тасқынды алдын алу жұмыстарын жедел жасауды" тапсырды.

Ақпанда үкімет Қазақстанда 505 елдімекенді су басу қаупі бар екенін мәлімдеген. Тұрғымбаевтың алдында ішкі істер министрі болған Қалмұхамбет Қасымов сол кезде тасқын қаупі төніп тұрған ауылдарды атамады. Бірақ Қасымов қауіп алдында тұрған ауылдардың көбі Шығыс Қазақстан облысы (76) мен Алматы облысында (75) екенін айтты. Батыс Қазақстан (72), Қостанай (52), Ақмола (46), Атырау (40), Ақтөбе (35), Қарағанды (33), Қызылорда (31), Солтүстік Қазақстан (18), Павлодар (14), Жамбыл (8), Түркістан (4) және Маңғыстау облысында да (1) "тасқын болуы мүмкін" ауылдар бар.

Тасқын қауіпі төнген ауылдардың тізімі облыстық әкімдіктердің де, төтенше жағдай департаменттердің де сайтында жоқ. Азаттық ІІМ төтенше жағдай комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовпен телефон арқылы сөйлесіп, ресми сайтқа елдімекендердің тізімін жариялауды сұрады.

Бірақ Нұрахметов тасқын қауіпі төнген ауылдардың тұрғындары "Көктем-2019" оқу-жаттығу шаралары аясында жағдаймен танысқанын айтып, өтінішімізді орындаудан бас тартты. Комитет өкілінің айтуынша, тізімді жариялау әлеуметтік желіде шу тудыруы мүмкін.

"ТАСҚЫННЫҢ АЛДЫН АЛУ КЕРЕК"

Қазақстанда жиілеп кеткен су тасқыны мен сел басу жағдайларын сарапшылар ғаламдық жылынумен және шаруашылықпен байланыстырады. Сарапшылардың айтуынша, тасқын дәретханаларды және мал көмілген жерлерді шайып өтеді. Мамандар бұл түрлі індеттің таралуына себеп болады деп қауіптенеді.

2017 жылы мамырда "Сорос-Қазақстан" қоры ұйымдастырған талқылауда сарапшылар "мемлекет тасқынның зардабымен емес, төтенше жағдайдың алдын алуды ойластыру керек" дейді. Талқылауға келгендер "ауыл шаруашылығы, энергетика және ішкі істер министрліктерінің арасында байланыс жоқ" деп сынады.

Кейбір ғалымдардің сөзінше, 1990 жылдары "Қазгидромет" орталығы қаржының жоқтығынан, су деңгейін болжайтын гидрологиялық бекеттерінің көбін жапты. Ал басқа мамандар елде гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылайтын мекеме жоқтығын айтты.

Тасқынды алдын алу шараларын талқылау жиынында ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин тасқынның жыл сайын қайталанатынын, ал биліктің республикалық, жергілікті бюджет есебінен "тесікті жамап" отыратынын мойындады. Ильиннің айтуынша, 2017 жылы тасқынға қарсы шараларға 12 миллиард теңге бөлінген.

Сенат депутаты және ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева сол жиында Атбасар туралы сөйлеген сөзінде қаланың инфрақұрылымын "мәселені ұзақ мерзімге шешетіндей етіп реттейік" деді. Дариға Назарбаева Есіл өзені саласының атын өзгертуді ұсынды.

"[Жабай] өзеннің атауын өзгерту керек. Өйткені ол өзеннің мінезін білдіріп тұр. Жабай жабайы және басқаруға көнбейтін өзен дегенді білдіреді. Мүмкін бұл да жағдайды жақсартуға (тасқынды айтады – ред.) көмектесетін шығар" деді ол.

Атбасарлық белсенді Людмила Петрованың айтуынша, тасқынның алдын алу мәселесіне зерттеп жүрген ғалымдар үйілген бөгеттен бас тартып, судан қорғау үшін габионды құрылыс салуды ұсынады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG