Accessibility links

Үкімет мүшелері Жаңаөзенге барды


Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова. (Сурет Қазақстан халқы ассамблеясы сайтынан алынды).
Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова. (Сурет Қазақстан халқы ассамблеясы сайтынан алынды).

15 наурызда бір топ министр Жаңаөзен қаласына барып, тұрғындармен кездесті деп хабарлайды Қазақстан премьер-министрі сайты.

"Сапар барысында министрлер көп балалы, жағдайы нашар отбасылармен де кездесті" деп жазған сайт шенеуніктер ортасында гүл ұстап тұрған әйел мен ойыншық ұстаған екі бала, тігін цехындағы жұмысшылармен бірге тұрған министрлер суретін де жариялап қойған.

Сайттағы дерекке сәйкес, шенеуніктер шамамен 340 жұмысшысы бар Жаңаөзендегі тігін зауытында, халыққа қызмет көрсету орталығында болған.

Дегенмен үкімет мүшелерінің Жаңаөзенде тұрақты жұмыс сұрап, наразылық білдіріп жүрген тұрғындармен кездескен-кездеспегені белгісіз. Қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының (бұрынғы "Неке сарайы") алдында бірнеше аптадан бері жұмыс сұрап тұрған тұрғындар 14 наурыз кешке Амал мерекесіне байланысты тарап кеткен. (Олар қазір қағаз-құжат мәселелерімен айналысып, әкімдікке меморандум ұсынуды жоспарлап отыр - ред.).

Наурыздың 16-сы күні Facebook-та жарияланған төмендегі видеода 7 баланың әкесі Жаңаөзен тұрғыны Ғазиз Махамбетовтың еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтан көмек сұрап жатқаны көрінеді.

“Көп балалы әкемін. Жеті балам бар. Басымда баспанам жоқ. Бір қызым мүгедек. Енді жұмыс сұрап жүрмін. Мұнай саласында жұмысқа кіріп, баспана алғым келеді” деген Махамбетовтың сөзін министр жанында тұрған билік өкілдері "150 мыңның жұмысын ұсынып жүрміз, орналасқысы келмейді" деп бөлген.

Ал министр “150 мыңнан бастау керек, әрі қарай көбейеді, егер ол асып жатса, онда атаулы көмек аласың” деп жауап берген.

Ғазиз Махамбетовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, ол 15 наурызда “Нұр Отан” ғимаратына қағаз-құжаттарын реттеу үшін барған. Министрмен кездесетінін күтпеген.

Жаңаөзен тұрғындары ақпан айынан бері қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимараты мен әкімдік алдына жиналып, мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұрап келеді. Олар әлеуметтік желіде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына да бірнеше рет арнайы үндеу жолдаған. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Үкіметтің әлеуметтік бастамаларын халыққа түсіндіру үшін Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкімет мүшелері аймақтарды аралайтыны жөнінде наурыз айының басында айтылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG