Accessibility links

"Халық шаршады". Жаңаөзендіктер жұмыс беруді талап етеді


Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі орналасқан "Неке сарайы" ғимаратының маңына жиналып тұр. 24 ақпан 2019 жыл.
Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі орналасқан "Неке сарайы" ғимаратының маңына жиналып тұр. 24 ақпан 2019 жыл.

Жаңаөзенде жұмыс сұраған тұрғындар әкімдік ұсынған жұмыс орындарына разы емес. Жаңадан өндіріс орнын ашуды талап еткен азаматтар Маңғыстау облысы әкімімен кездескісі келеді. Жергілікті билік тұрғындарға мүмкіндігінше көмектесуге тырысып отырғанын айтады.

Жаңаөзен қаласының орталық алаңын соңғы екі күннен бері полиция қоршауға алған. Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі орналасқан "Неке сарайы" ғимаратының маңына жиналған жұмыссыздар мекеме алдын босатар емес.

Олар биліктен 150-300 мың теңге айлығы бар жұмыс тауып беруді және жастар мәселесіне назар аударуды талап етеді. Бұған дейін олар осы талаптарын айтып, әлеуметтік желі арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасаған.

ВИДЕО: Жаңаөзен жастарының президентке үндеуі (19 ақпан 2019 жыл).

2011 жылы бірнеше айға созылған жұмысшылар наразылығы полицияның халыққа оқ атуына ұласып, бейбіт адамдар қаза тапқан қаладағы әлеуметтік наразылықты басу үшін Маңғыстау облыс әкімдігі ақпанның 23-і күні бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Оған жүз шақты кәсіпорын қатысты. Бірақ билік ұсынған жұмысқа тұрғындар разы емес.

ЖҰМЫССЫЗДАР ТАЛАБЫ

Жаңаөзенде жұмыс сұрап тұрғандардың бірі 30 жастағы Саламат Нұрбесинов билік ұйымдастырған еңбек жәрмеңкесінде ұсынылған жұмыстың жалақысы отбасын асырауға жетпейтінін, сол себепті жұрт тұрақты жұмыс тауып беруді талап етіп отырғанын айтты.

- Менің үш балам бар. 70 мың теңге ұсынып, Ақтаудан бір мекемелер келіп тұр. Ол ақшаны қалай жеткізем? Жолға жұмсаймын ба, әлде бала-шағамның тамағына ма? Бұл жердегі халықтың талабы - жекеменшік емес, үкіметке қарайтын 150-200 мың теңгелік жұмыс беретін кез келген мекеме ашып берсін. Бүгін бар, ертең жоқ мекемелер бізге керек емес, - деді ол Азаттыққа.

Халық жұмыссыздықтан шаршады. Облыс әкімі халық алдына келсін! Бізге бір жылдан соң жабылатын жетім жекеменшік серіктестіктер керек емес.

Саламат Нұрбесиновтің мамандығы - техник-технолог. "Төртінші санаттағы бұрғышы көмекшісі" деген кітапшасы да бар. Ол жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейтін тұрғындардың үнемі "жұмыссыз қалам ба" деген қорқынышпен өмір сүретінін айтады. Барлығы да ұтып алған тендерлері бітіп қалған соң жұмыстан шығарып жібереді немесе кәсіпорын жабылып қалады дейді.

- Халық жұмыссыздықтан шаршады. Облыс әкімі халық алдына келсін! Бізге бір жылдан соң жабылатын жетім жекеменшік серіктестіктер керек емес. Жұмыссыз ретінде көп жылдан бері тіркеуде тұрмын. Бір танысыма қала тазалығына қарайтын мекемеден 90 мыңға жұмыс ұсынған. Ол да ертең ұтып алған тендер мерзімі біткен соң жұмыссыз қалады, - дейді ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен тұрғындардың барлығы да осыған ұқсас пікір айтты. Олардың көбі аты-жөнін айтудан да қорқады. "Полиция жиындардан видео тартуға тыйым салды" дейді кейбірі.

- Көп жұмыс орындары Ақтау қаласынан құрылыс жұмыстарын ұсынып отыр. Бұл тұрақты жұмыс емес. Айлығы 70-80 мың теңге. Оны жолпұлымызға төлейміз бе, Ақтаудан пәтер жалдаймыз ба? Қалғаны әйел адам атқаратын жұмыстар, балабақшаға, мектепке шақырады. Арасында сатушылық жұмыс ұсынғаны да болды. Ақтауда 40 мың теңге төлейміз деді. Бұл айлық бір отбасын асырауға жетпейді. Жоғары жаққа жалған ақпарат беріп өтірік алдап отыр, - деді аты-жөнін айтпаған Жаңаөзен тұрғыны.

"МЫНА ЖАҒДАЙДЫ ПАЙДАЛАНЫП КЕТПЕСІН"

Ақпанның 23-і күні Жаңаөзенге еңбек жәрмеңкесін өткізуге келген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Марат Ысқақов жиналған топ алдында сөйлеп, тұрғындарға мүмкіндігінше көмек берілетінін айтқан.

- Тыныштық сақтайық. Қазіргі кезде 87 адам тегін оқуға жолдама алды. 91 адам жұмысқа алынды. 100 мың теңгеден асатын айлық төлейтін 400-дей жұмыс орны бар. Оларды Әділбек Құлынтайұлы (Жаңаөзен қаласы әкімі – ред.) қазір бәрін төрт ғимаратқа бөліп, азаматтардың әрқайсысын жеке қабылдап, қолына анықтамасын береді. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы керек бізге. Айналып келгенде Жаңаөзен - қасиетті жер. Мына жағдайды пайдаланып кетпесін, - деді Ысқақов жиналған жұртқа.

Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев Азаттық тілшісіне берген сұхбатында сенбі күні өткен жәрмеңкеде тұрғындарға мыңнан астам жұмыс ұсынылғанын айтты.

- Адамдар келіп, қажетін алды. Мекеме емес, жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Жаңаөзеннен 900 жұмыс орны табылды, - деді ол.

Спорт сарайындағы еңбек жәрмеңкесіне келген тұрғындар ұсынылған жұмыс орындарын қарап жатыр. Жаңаөзен қаласы, 23 ақпан 2019 жыл.
Спорт сарайындағы еңбек жәрмеңкесіне келген тұрғындар ұсынылған жұмыс орындарын қарап жатыр. Жаңаөзен қаласы, 23 ақпан 2019 жыл.

Бірақ Жаңаөзен әкімі нақты қанша адамның жұмысқа орналасқанын айта алмады. Әкімдік дерегінше, бұған дейін мыңға жуық азамат жұмыс сұрап, өтініш берген.

Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстың түрлі кәсіпорындарындағы орташа айлық жалақысы 110 мың теңге болатын жұмыс орындарына 3800-ден астам өтініш қабылданған.

Жұмыс сұраған наразы тұрғындармен Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағамбетовтің кездесуі туралы әуесқой видео (23 ақпан 2019 жыл)

Жаңаөзендік наразы жұмыссыздарға прокурор келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:24 0:00

Жергілікті БАҚ дерегінше, жаңаөзендіктердің биліктен жұмыс талап етіп отырғанына бірнеше апта болған. Өткен аптада "Неке сарайы" ғимараты алдында тарқамай тұрған тұрғындармен кездескен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов 15 адамнан құралған жұмыссыздар тобымен жеке сөйлескен.

Есімін Ғабит деп таныстырған Жаңаөзен тұрғынының айтуынша, кездесу кезінде әкім Жаңаөзен қаласынан 350 адамды осы қазір, 600 адамды мамыр айында жұмысқа орналастыруға уәде берген.

- Әкім әлеуметтік жәрдемдер беріліп, көп балалы аналардың Ақтау мен Жаңаөзен арасындағы автобус маршрутында тегін жүруін қамтамасыз ететінін айтты. Ең алдымен жетім балалардың, мүгедектердің жұмысқа алынатынын да айтты. Бірақ оған халық сеніңкіремей тұр, - деді ол.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде өртенген "Өзенмұнайгаз" компаниясы ғимаратының қасынан өтіп бара жатқан адамдар. 17 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде өртенген "Өзенмұнайгаз" компаниясы ғимаратының қасынан өтіп бара жатқан адамдар. 17 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласы Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудан 150 шақырым жерде орналасқан. 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасынан соң Қазақстан үкіметі 2012 жылы мамырда "Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын" жасап, Жаңаөзенді моноқалалар тізіміне енгізген. Моноқалалардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған бұл бағдарламаға сай Жаңаөзенді дамыту үшін 2013 жылы - 13 миллиард теңге, 2015 жылы - 224 миллион теңге бөлінген.

Жаңаөзендегі негізгі жұмыс көзі - "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы мен "Қазақ газ өңдеу" зауыты. Ресми статистика бойынша, қалада 130 мыңнан астам адам тұрады. 2018 жылдың алғашқы төрт айында Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG