Accessibility links

Facebook Крайстчерчтегі атыс жайлы 1,5 млн видеоны өшірді


Брентон Таррантты сот залына жеткізген сәт. 16 наурыз 2019 жыл.
Брентон Таррантты сот залына жеткізген сәт. 16 наурыз 2019 жыл.

Facebook корпорациясы Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы екі мешітке шабуыл жасалғаннан кейін алғашқы бір тәуліктің ішінде атыс туралы бір жарым миллионнан аса видеоны өшірген. Бұл туралы Facebook-тің Жаңа Зеландиядағы өкілі Мия Гэрлик хабарлады. Оның сөзінше, қылмыскердің жұртқа оқ жаудырып жатқан сәті көрсетілмеген, редакция өңдеуінен өткен видеолар да өшірілген. Қылмыс жасады деген айып тағылған Брентон Таррант шабуыл барысын Facebook-те тікелей трансляцияда көрсеткен.

Шабуылдың алғашқы сағатында 17 минтуттық видео мен оның үзінділері әлеуметтік желіге тарап кетті. Оларды жарияламауға шақырған полицияның ескертуіне қарамастан, кей БАҚ, соның ішінде австралиялық ақпарат құралдары әлгі видеоларды пайдаланған.

Осыдан кей сыншылар "өз ішкі ережесіне қайшы келетін трансляцияны тоқтатпады", "атыс жайлы видеоның таралуына тыйым салуда жеткілікті белсенділік танытпады" деп Facebook-ті айыптады. 15 наурызда Жаңа Зеландияда болған қарулы шабуылды билік теракт деп атады. Крайстчерч қаласындағы екі мешітке жасалған шабуылдан кемінде 50 адам қаза тауып, 20 адам жараланды.

Өзін "ақ нәсілді ұлтшылмын" деп атайтын 28 жастағы Австралия азаматы Брентон Таррант осы қылмысқа күдікті ретінде ұсталған. 16 наурызда аймақтық сот оған "адам өлтіру" бабы бойынша айып тақты. Қазір қамауда отырған Тарранттың тағы екі "сыбайласы" шабуылға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG