Accessibility links

Қарағандыда ондаған киіктің өлексесі табылды


Қарағанды облысындағы мемлекеттік Қорғалжын табиғи қорығының Нұра ауданына қарасты аумағында белгісіз біреулер 50 шақты киікті атып кеткен. Бұл ақпаратты 20 наурызда облыстық полиция департаменті де растап, Қылмыстық кодекстің "заңсыз аң аулау" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Бірақ өлген киіктердің нақты санын айтпады.

"Бұл қылмысты анықтау үшін Қарағанды және Ақмола облыстарының полиция департаменттері бірігіп, арнайы екі топ құрды. Олардың құрамында кинологтар, табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, жедел қызмет және учаскелік полиция инспекторлары бар" деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

20 наурыз кешкісін мемлекеттік Қорғалжын табиғи қорығының жетекшісі Асқар Сексенбиев Азаттық тілшісіне өлген киіктердің саны 65-ке жеткенін айтты. ол қанша киіктің мүйізі кесілгені жөнінде ақпарат бермеді.

- Ұрғашы киіктер де өлген. Бәрін атып кетпеген. 11 киіктің өлексесінде оқ іздері жоқ. Қазір қорық аумағында киіктер күйлеп жүр. Олар шаршайды, иммунитеті төмендейді, сосын өледі, - деді ол.

Киіктердің өлексесін алдымен қорықшылар тапқан, кейін полицияға хабарлаған.

Қорғалжын табиғи қорығы ЮНЕСКО мұралары қатарына кіреді. Мұнда сүтқоректі жануардың ондаған түрі бар және олардың көбі Халықаралық табиғатты қорғау одағының қарамағына өткен. Қорықты бұған қоса 350-дей құс мекен етеді. Араларында Қазақстанның Қызыл кітабына енгендері де бар.

Бұған дейін тағы бір браконьерлік қылмыс биыл 13 қаңтарда Қарағанды облысында болған. Киікті заңсыз атты деген күдікке іліккендер "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорнының екі инспекторын соққыға жығып кеткен. Олардың бірі Ерлан Нұрғалиев сол жерде ауыр жараланып, кейін Астана ауруханаларының бірінде қайтыс болған. Бұл қылмысқа күдіктілер арада бірнеше күн өткенде ұсталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG