Accessibility links

Якутия басшысы мигранттарды жұмысқа алуға тыйым салды


Якутия басшысы Айсен Николаев.
Якутия басшысы Айсен Николаев.

Якутия басшысы Айсен Николаев 2019 жылы өңір аумағында мигранттарды жұмысқа алуға тыйым салатын қаулыға қол қойды. Бұл туралы Якутия басшысының сайтында хабарланды.

Мигранттарға азық-түлік, сусын, киім өндірісінде, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істеуге тыйым салынады. Шетелдік азаматтар қоғамдық көлік, такси мен жүк көлігінің жүргізушісі болып та жұмыс істей алмайды. Бәрін қосқанда мигранттарға 33 салада жұмыс істеуге тыйым салынды.

Таяуда Николаев "жергілікті мамандардың өздері-ақ істей алатын жұмыс орындарында көп мигрант қызмет етіп жүр" деп мәлімдеген. Оның сөзінше, 17 наурызда Якутскіде мыңдаған адам қатысқан мигранттарға қарсы митинг "кейбір саяси күштердің арандатуы" болған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Якутскіде "16 наурызда 23 жастағы Қырғызстан азаматы 36 жастағы әйелді ұрлап әкетіп, зорлаған. Оған екі қырғызстандық болысқан" деген ақпарат тараған еді. Жергілікті полиция қылмысқа күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

17 наурызда Якутскіде 200-ге жуық адам наразылық білдіріп, Орталық Азиядан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен. 18 наурызда бес мыңға жуық адам Якутск қаласындағы Триумф стадионына жиналып, наразылықты жалғастырды.

19 наурызда Орталық Азиядан келген мигранттар істейтін 80-ге жуық қоғамдық көлік жұмысқа шықпай, бірнеше дүкен мен базар жабылған. Саха еліндегі қырғыз диаспорасы Якутскіде жүрген Қырғызстан азаматтарын сыртқа шықпауға шақырған.

Сол кезде Саха еліндегі қырғыз диаспорасының жетекшісі Жазбек Бекболаев Азаттыққа "жағдай өте қиын" деген. Қырғыз диаспорасының дерегінше, Саха республикасында он мыңға жуық мигрант бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG