Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 2010 жылы болған Сәуір төңкерісі кезінде жапа шеккен азаматтармен, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті. Бұл туралы президент аппаратына сілтеме жасап, Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.
"2010 жылы болған Сәуір төңкерісі халықтың еркіндікке ұмтылысы мен отбасылық-кландық басқару жүйесіне қарсы тұруға ерік-жігерін танытып, ел болашағы үшін өмірлерін қиюға дайын екендерін көрсетті. Қайғылы оқиғада қаза тапқандардың аты ел тарихында мәңгі қалуы үшін 2020 жылы Сәуір төңкерісінің 10 жылдығын ұлттық деңгейде атап өту туралы арнаулы қаулы дайындалып жатыр. Ұйымдастыру комиссиясы құрылып, дайындық басталады" дейді Жээнбеков.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге келгендер қаулыны қолдап, ұсыныстары мен ескертулерін айтқан, кез келген көмекке әзір екендерін білдірген.
2010 жылы 7 сәуірде Қырғызстандағы "Ақ үйдің" алдында оппозиция өткізген митингі кезінде оқ атылып, 86 адам қаза тапқан. Жүзден аса адам жапа шеккен. Бірнеше жарақат алған адам тоғыз жыл ішінде ауруынан айыға алмай, көз жұмды.
Сәуір оқиғасынан соң Қырғызстанның екінші президенті Курманбек Бакиев пен оның туыстары, жақтастары елден қашқан.
2002 жылы 17 наурызда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Аксы ауданында да үкіметке қарсы толқулар кезінде полиция төрт шерушіні атып тастаған. Ал 2005 жылы 24 наурызда Бішкектегі үкіметке қарсы шерулер нәтижесінде сол кездегі президент Аскар Акаев биліктен тайдырылған. Бұл оқиға кейін "қызғалдақ төңкерісі" аталып кеткен.
ПІКІРЛЕР