Accessibility links

Полиция Иркутскіде мигранттарды жаппай ұстаған


Ұсталған мигранттар Иркутск полиция бөлімшесінің ауласында тұр
Ұсталған мигранттар Иркутск полиция бөлімшесінің ауласында тұр

Иркутск полициясы 300-ге жуық мигрантты ұстады. Бұл туралы сәуірдің 5-сі, жұма күні "Сибирь.Реалии" редакциясына Иркутск облысының ұлтаралық мәселелер жөніндегі қоғамдық палата сарапшысы Наталья Хроменкова хабарлады. Оның сөзінше, полиция Ресейге келіп жатқан шетелдіктердің құқығын бұзған.

Құқық қорғаушы мигранттарды ұстау шарасы сәуірдің 4-і, бейсенбі күні жүргенін, оны жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп алғанын айтты. Хроменкованың сөзінше, тұрғындар шетелдіктерді полиция формасындағы қызметкерлер емес, бетперде киген адамдар ұстап жатқанын көрген. Олар өздерін таныстырмаған, құжаттарын да көрсетпеген. Мигранттарды көлікке отырғызып, алып кеткен.

Құқық қорғаушы Наталья Хроменкованың айтуынша, полиция мигранттарды ұстау кезінде заңды бірнеше рет бұзған.

- Полиция олардың қандай себеппен ұсталып жатқанын білу, аудармашы көмегіне жүгіну, қорғану құқығын бұзған. Оқиға мигранттарды ұстауға нақты себеп болмағанын, оларды тек "нәсіліне қарап" алып кеткенін байқатады. Мұндай қатынас шетел азаматтарына дискриминация жасау деп ойлаймын - деді Хроменкова.

Құқық қорғаушы мигранттарды полиция 6 сағат бойы далада ұстап, жақындарына қоңырау соғуға да рұқсат бермегенін, ұсталғаны жөнінде хаттама толтырмай кешке жақын бәрін босатқанын айтты.

17 наурызда Якутскіде 200-ге жуық адам наразылық білдіріп, Орталық Азиядан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен. Бұған әлеуметтік желіде "қырғыз азаматы бір әйелді ұрлап әкетіп, зорлады" деген ақпарат себеп болған. 18 наурызда бес мыңға жуық адам Якутск қаласындағы Триумф стадионына жиналып, наразылықты жалғастырды.

19 наурызда Орталық Азиядан келген мигранттар істейтін 80-ге жуық қоғамдық көлік жұмысқа шықпай, бірнеше дүкен мен базар жабылған. Саха еліндегі қырғыз диаспорасы Якутскіде жүрген Қырғызстан азаматтарын сыртқа шықпауға шақырған.

Сол кезде Саха еліндегі қырғыз диаспорасының жетекшісі Жазбек Бекболаев Азаттыққа "жағдай өте қиын" деген. Қырғыз диаспорасының дерегінше, Саха республикасында он мыңға жуық мигрант бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG