Accessibility links

Жүздеген адамның қазасына айыпталған Румыния экс-президенті сотта жауап береді


Румыния экс-президенті Ион Илиеску.
Румыния экс-президенті Ион Илиеску.

Румынияның бұрынғы президенті Ион Илиеску сот алдында жауап береді. 1989 жылы Николае Чаушеску диктатурасы құлаған соң Румынияда бірнеше күн ішінде қаза тапқан жүздеген бейбіт тұрғын мен әскеридің өлімін тергеу аяқталды.

Румынияның бас прокуроры Аугустин Лазар 8 сәуірде Бухарестте "1989 жылы желтоқсандағы жағдайды тергеудің аяқталуы – румын сот жүйесі үшін маңызды оқиға" деді.

Ион Илиеску Румыния компартиясында 1970 жылдарға дейін – Чаушеску оны партия қатарынан қумай тұрып басшылық қызметтерді атқарған. 1989 жылы 22 желтоқсанда Чаушеску наразы жұрттан қашқан соң Илиеску Ұлттық құтқару майданын басқарып, елде бақылауына алды да, саяси ықпалын күшейтті. Кейінгі бірнеше күнде Румынияда 862 адам өлтірілген.

Қазір 89 жастағы Илиеску 1990 жылы мамырда президент болып сайланып, 1992 жылы қайта президент болды. Ол елді 2000-2004 жылдары үшінші мәрте басқарды.

2018 жылы желтоқсанда экс-президент Илиеску мен үкіметтің бұрынғы вице-премьері Джелу Войкан Войкулескуге "телеарналар мен баспасөз арқылы ел ішінде дүрбелең туғызып, қарулы қақтығыстарға соқтырған жалған хабар таратты" деп айыпталған.

Бұрынғы президент 1990 жылы Бухарестте болған ереуілді басып-жаныштап, адамзатқа қарсы қылмысқа қатысы бар деген айып бойынша да жауап береді. Биліктің сол кездегі арнаулы операциясынан кем дегенде төрт адам қаза тапқан.

Илиеску мен Войкулеску өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, қозғалған істі "саяси кек" деп атайды.

Сот процесінің қашан басталары белгісіз.

Николае Чаушеску режимі құлағаннан кейін өткен 30 жыл ішінде адамдар қазасы үшін тек екі генерал сотталған. Чаушеску мен әйелі Елена арнайы құрылған трибуналдың үкімі бойынша 1989 жылғы желтоқсанның 25-і күні атылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG