Accessibility links

Баспасөз еркіндігі рейтингінде Қазақстан бір саты төмендеді


Азаттықтың түсірілім тобына кедергі жасап тұрған адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.
Азаттықтың түсірілім тобына кедергі жасап тұрған адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексін жариялады. Рейтинг бойынша, Қазақстан 180 елдің арасында 158 орын алып, бір жыл ішінде бір саты төмендеген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстанда "билік ауысқан сәттегі екіұдайылық соңғы жылдары режимнің қорқынышы мен мықтап ұстап тұрған жерінен айрылмауға деген ұмтылысын күшейтіп жіберген". Ұйым "2013 жылы елде негізгі оппозициялық газеттер жабылды, қалғандары заң қысымынан соң тарап жатыр" деп жазады. "Тіпті сәл ғана сынай жазатын басылымдардың өзі биліктің теріс қырына ұшырайды" делінген ұйым мәліметінде.

"Шекарасыз тілшілер"ұйымының ақпаратынша, Қазақстанда "полиция журналистерді жиі ұстайды, интернет қатаң бақылауда", ал блогерлерді "абақтыға не психиатрлық мекемелерге қамайды".

Есепке қарағанда, сөз бостандығын шектеу бойынша постсоветтік елдер мен Түркия "алда тұр". "Совет одағына мүше болған елдердің үштен екісі индекстегі 150-позициядан төменде, ал олардың жалпы көрсеткіші Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка деңгейіне дейін түсіп кеткен" деп жазады ұйым.

Ұйым дерегінше ,2018 жылы әлемде журналистерге деген өшпенділік артқан. "Өшпенділіктің тарауына лауазымды саясаткерлердің өздері себеп болып отыр. Авторитарлық режимдер де сол саясаттан үлгі алып, журналистика туралы өз көзқарастарын қалыптастырып келеді. Бұл - демократияға төнген қауіп" дейді ұйым.

Нұр-Сұлтан Қазақстанда "тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым бар, сөз бостандығы шектеледі" деген мәлімдемелерді бірнеше рет жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG