Accessibility links

Павлодар түрмесіндегі азаптау ісінде судьяға білдірілген сенімсіздік тағы қанағаттандырылмады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Павлодар қалалық қылмыстық істер сотында жалпы режимдегі АП-162/3 түзету мекемесі қызметкерлері үстінен азаптау бабымен қозғалған істе арызданушылардың судьяға білдірген сенімсіздігі үшінші рет қанағаттандырылған жоқ.

16 сәуірде өткен сот отырысы судья Тілегеноваға адвокат пен арызданушылардың - 2016 ақпанда түрмеде көз жұмған дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Бақытжан Әбдікәрімовтің туыстарының сенімсіздік білдіру туралы өтінішін қараудан басталды.

Арызданушылар сөзінше, судья Тілегенова сот процесіне қатысушыларға Әбдікәрімовке "жасалған қастандық" куәгерлерін толықтай тергеуге мүмкіндік бермей жатыр. Адвокат Алма Толысбаеваның Азаттыққа айтуынша, "Әбдікәрімовтің қазасына қатысты сот үкімі заңды күшіне енгендіктен куәгерлерді тергеудің қажеті жоқ" деген судьяның тергеуге рұқсат бермеуі - негізсіз шешім. "Себебі Әбдікәрімовтің 2016 жылы АП-162/3 мекемесінде көз жұмуы мен сол мекемеде қаза тапқан тағы бір азаматтың - Сайын Мұратбеков қазасының арасында байланыс бар" дейді ол.

Тілегеноваға сенімсіздік білдіру арызын судья Лашын Әлиев қарап, қанағаттандырған жоқ. Әлиев өз шешіміне бұл процесте шағым түсіруге болмайтынын, бірақ үкім шыққан соң арызданушылардың апелляцияға жүгіне алатынын айтты.

Өткен аптада болған сот отырысында бұрын Павлодар колониясында отырғандар бірінен соң бірі судья Тілегеноваға сенімсіздік білдірген. Олардың сөзінше, павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семеноваға екі шағымданушының мүддесін қорғауға рұқсат бермеген судья Тілегенова заңды, тараптар теңдігі мен сот процесінің бейтараптығы қағидаларын бұзған.

Дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған, Павлодар облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті қызметін атқарған Әбдікәрімов "адам өліміне соқтырған ауыр дене жарақатын салғаны" үшін Павлодар абақтысында жазасын өтеп жүрген. Үш жыл бұрын ол әйнекпен мойнындағы күре тамырын кесіп, көз жұмған.

Нұрлыгүл Демпстердің сөзінше, бауыры Әбдікәрімовті әлдекімдер өлтірген. Оның шағымы бойынша сотттың басталғанына үш жыл болған.

Оқи отырыңыз: Апелляциясы қаралуға екі күн қалған тұтқын өлі күйінде табылды

2016 жылы бұл іс Балқаш абақтысынан этаппен келіп, Павлодар түрмесінде қаза тапқан Мұратбековтің қазасына байланысты қозғалған іспен біріктірілді. Екі қазаға да сол азаматтар күдікті деп танылған. Біріктірілген іс 2019 жылы сотқа жіберіліп, биыл 18 наурызда Павлодар қалалық сотында қарала бастады.

Сотқа 15 азамат тартылған. Оны - түрменің бұрынғы қызметкері, бесеуі - бұрын сотталған азамат. Алайда іс бойынша үш түрме қызметкері мен үш бұрын сотталған азамат қана қамауға алынған. Қалғандары - үйқамақта.

Біріктірілген істегі екінші эпизод бойынша, азапталған болуы мүмкін деп айтылған 26 сотталған азаматтың бірі (Сайын Мұратбеков) қаза тапқан. Қалғандары жапа шегуші статусын алды. Бірі денсаулық жағдайына байланысты сотқа түсінік бере алмайды. Олардың бір бөлігі ендігі түрмеден босап шыққан, ал жазасын өтеп жатқан өзге азаматтар түрмеде отырып, сотпен видео арқылы байланысып, түсінік беріп жатыр.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG