Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басшысы Кристин Лагард мамыр айының ортасында Өзбекстанға сапарлап келгелі жатыр. Бұл туралы сәрсенбі, 17 сәуірде Өзбекстан орталық банкі өкіліне сілтеме жасаған РИА "Новости" агенттігі хабарлады. "ХВҚ басқарушы директорының сапары мамырдың ортасына жоспарланған" деп мәлімдеді Өзбекстан орталық банкінің өкілі. Оның сөзінше, қор басшысы Өзбекстан билігімен екі жақты серіктестік туралы талқыламақ.
Бұл Халықаралық валюта қоры басшысының соңғы он жылда Өзбекстанға жасаған алғашқы сапары болмақ. 2009 жылы Ташкентке қордың сол кездегі директоры Доминик Стросс-Кан келген.
2017 жылы қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Кристин Лагард Нью-Йоркте кездесіп, Ташкенттің валюта реформасына техникалық қолдау көрсету жайын талқылаған. Кездесуде мемлекет бюджетінің табысын арттыру, банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сыртқы сауда саясатын либерализациялау, сондай-ақ мемлекеттік статистика мен салық саласын реформалау сияқты мәселелер сөз болған.
Таяуда Өзбекстан мемлекеттік салық комитетіне Халықаралық валюта қорынан тұрақты кеңесші тағайындалғаны хабарланды. Кеңесші комитет пен қаржы министрлігіне 2019-2023 жылдарға арналған салық реформасының стратегиясын әзірлеп, енгізуге көмектеседі.
ПІКІРЛЕР