Accessibility links

Ресей билігі "Путин - ұры" деген тіркес үшін сотқа тартуы мүмкін


Роскомнадзор тақтайшасы.
Роскомнадзор тақтайшасы.

Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияны бақылау жөніндегі федералдық қызметі (Роскамнадзор – ред.) президент әкімшілігі, бас прокуратура және БАҚ бас редакторларымен жабық кездесу өткізді.

Жиын кезінде шенеуніктер журналистерге жуырда қабылданған билікті қорғау туралы заң қалай іске асатынын түсіндірген. Бұл туралы аты аталмаған дереккөзге сілтеп, BBC ақпарат агенттігінің Орыс қызметі хабарлады.

Биліктің сөзінше, заң "саналы түрде, нақты жағдайларда" ғана қолданылады. Роскомнадзор "сайтты бірден бұғаттамайтынын, алдымен ескерту беретінін" айтқан.

Журналистер "Оппозиция наразылық акцияларында, әсіресе Алексей Навальный жиі қолданатын "Путин - ұры", "Единая Россия - алаяқтар мен ұрылар" деген тіркестерді БАҚ-та қолдануға бола ма?" деп сұраған. Роскомнадзор өкілі "Меніңше, бұл билікті қорлау саналады. Бірақ бағасын прокуратура беруі керек" деген. Шенеуніктер бұл сұраққа нақты жауап бермеген. Жиналыс өткізген тараптың бірі кездесу кезінде "Мемлекеттік думаға тіл тигізуге болмайды" деген.

Роскомнадзор мен бас прокуратура жиынға қатысты ешбір комментарий бермеді.

Биыл наурызда Ресей президенті Владимир Путин "жалған ақпарат" таратқандар мен "билікке тіл тигізгендерді" жазалайтын заңға қол қойған.

Билікке немесе мемлекеттік рәміздерге тіл тигізіп, қорлаған адамға 100 мың рубль айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Қайтадан заң бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 200 мың рубльге дейін өседі.

Бұл заң жобаларын Ресей мемлекеттік думасы 7 наурызда қабылдап, кейін Федерация кеңесі мақұлдаған. Ал президент жанындағы адам құқығы жөніндегі кеңес пен бірқатар құқық қорғау ұйымдары құжатқа қарсылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG