Accessibility links

Айгүл Ақбердиева сотта аштық жариялайтынын айтты


Айгүл Ақбердиева сот залында отыр. 22 сәуір 2019 жыл.

22 сәуірде Маңғыстау облыстық сотындағы отырыста Қазақстанда тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиева аштық жариялайтынын айтты.

Отырыста Ақбердиева сот құрамына наразылық білдіріп, шағым түсірді. Сот алқасының төрағасы Азат Ізбасаров оның шағымын "негізсіз" деп санап, қабылдамады. Осыдан кейін Ақбердиева судья Ізбасаров пен басқа да сот құрамына нарызылық ретінде аштық жариялайтын жеткізді. Ол сотқа қарсылық білдіріп, процесс өтіп жатқан бөлменің еденіне отырып алды.

Бұл туралы құқық қорғаушы Дарья Ульжагалиева Facebook парақшасында жариялаған видеода көрсетті.

- Маңғыстау облыстық сотының апелляциясы әділ шешімді бұзды. Еш негіздеме жоқ. Мен содан бері сот құрамына үш рет сенімсіздік білдірдім, сот негіз жоқ деп қабылдамады. Неге олар менің де, жолдасымның да (Абловас Жұмаев – ред.) ісін қарайды? Неге олар менің арызымды қабылдамайды? Бүгіннен бастап аштық жариялаймын және менің сенімсіздік білдірген шағымымды қабылдадым дегенше ешқайда кетпеймін, - деді Ақбердиева сотта.

Сот қызметкері Ерлан Ақмұратов Ақбердиева отырған сот залын сыртынан құлыптап қойды. Кейін Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиев Ақбердиева мен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиеваны кабинетіне қарай алып кетті.

6 ақпанда Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлнәр Байтұрова Айгүл Ақбердиеваның іс-әрекетінде "қылмыстық құрам жоқ" деп тауып, оны ақтау туралы үкім шығарған еді. Кейін прокуратура сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. 15 сәуірде апелляциялық сот прокурордың шағымын қанағаттандырып, істі қайта қарауға шешім шығарған.

Төрт баланың анасы 39 жастағы Айгүл Ақбердиева ақпандағы сот отырыстарында өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, "билікті басып алуға" шақырмағанын, елдегі әлеуметтік жағдай туралы өз ой-пікірін білдіргенін мәлімдеген. Прокурор судьядан Ақбердиеваны айыпты деп танып, бас бостандығын бес жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындауды сұраған еді.

Ақбердиеваның жұбайы 45 жастағы Абловас Жұмаев та өткен жылы күзде ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыпталып, сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған.

Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG