Accessibility links

Назарбаев Тоқаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды


Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен "Нұр Отан" партиясының 19-съезінде билік партиясы атынан президент сайлауына кім қатысатыны айтылды. Партия төрағасы Назарбаев "Нұр Отан" атынан үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.

Назарбаев Тоқаевты "тәжірибелі саясаткер" деп бағалады.

Экс-президент Назарбаев "Мен Тоқаевқа толық сенемін. Менің барлық бастамаларымды қолдап, сенімді серік болды" деді.

- [Тоқаевты] бұл қызметке ең лайық кандидат деп санаймын, - деді Назарбаев.

Съезд басында сөйлеген Назарбаев алдымен "Қазақстанның жарқын болашағы үшін" биліктен кету туралы "оңай емес шешім" қабылдағанын айтты. Мұнан соң экс-президент Қазақстанның "өткерген қиындықтары мен жеткен жетістіктерін" сөз етті.

"Елбасы мен ел бірге болғанда ғана мемлекет табысқа жетеді" деді Назарбаев.

- Менің саясатымды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтынын білемін. Бұл маған сенім ұялатады. Еліміз үшін тұрақтылық пен татулықтан артық еш нәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін, - деді экс-президент.

Назарбаев "Қазақстан президентімен бірлесіп елді күшейту жолында жұмыс істеймін" деді. ​

Тікелей эфир: "Нұр Отан" партиясының президент сайлауына үміткер ұсынуы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін жариялаған.

Қазақстанда кезектен тыс өтетін президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірде басталған. Үміткерлерді ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады.

22 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы Сәдібек Түгел "Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан президент сайлауына кандидат ретінде құжаттарын өткізгенін хабарлады.

Тап сол күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесі партия съезінде "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиді саяси ұйымның атынан сайлауға кандидат ретінде ұсынатынын хабарлаған. Оған дейін Жақсыбай Бәзілбаев та сайлауға түскісі келетінін айтқан. Олар Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын әлі тапсырған жоқ.

19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG