Accessibility links

Тоқаев кандидаттыққа құжат тапсырды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" съезі кезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" съезі кезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

23 сәуірде "Нұр Отан" партиясы орталық сайлау комиссиясына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидаттыққа құжаттарын өткізді. Бұл туралы комиссияның ресми сайтында хабарланды.

Хабарламаға қарағанда, Тоқаевтың қазақ тілін еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия отырысы бүгін, 23 сәуірде өтеді.

Партия өткізген құжаттар арасында оны президенттікке кандидат ретінде ұсыну жөніндегі отырыс хаттамасы, Тоқаевтың кандидат болуға келiсiм берген өтiнiші, орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат пен өмірбаяны бар.

Бүгін, 23 сәуірде өткен съезд кезінде Назарбаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 маусымда өтетін президент сайлауына кандидат ретінде ұсынып, артынша "Нұр Отан" оның кандидатурасын бекіткен.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG