Accessibility links

Шымкент әкімдігі: Жиһаз бен кредит отбасы табысы деп есептелмейді


Көп балалы аналар мен оларды қабылдап отырған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова (сол жақтан бірінші). Шымкент, 24 сәуір 2019 жыл.
Көп балалы аналар мен оларды қабылдап отырған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова (сол жақтан бірінші). Шымкент, 24 сәуір 2019 жыл.

24 сәуірде Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығына жиналған отыз шақты көп балалы ана атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тапсырғанымен, биліктен әлі жауап ала алмағандарына шағынды.

Қала тұрғыны Айгерім Қашқанбаеваның айтуынша, екі баласы, мүгедек баласы бар мүгедек туысымен бірге екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Ай сайын берілетін 21 мың теңге жәрдемақыға құжат тапсырғаннан соң комиссия тексерген. "Комиссия келіп үйді суретке түсіріп кетті. Жәрдемақы шыға ма, шықпай ма, түсе ме, жоқ па - әлі білмей жүрміз" дейді ол.

Жиналғандардың көбі 21 мың теңге жәрдемақыға құжат тапсырғанымен, комиссияның үйлеріне келмей жатқанына шағымданды.

Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова көп балалы аналарды әуелі жеке, аяғында бірге қабылдады. Оның айтуынша, 1 сәуірден бастап әр балаға төленетін 21 мың теңге жәрдемақы туралы 32 мыңнан аса адамға кеңес берілген. Олардың 21 мыңынан өтініш қабылданған. Оның сөзінше, азаматтардың өтініштерін қабылдау, комиссия шешімін алу, құжаттарды реттеп, есептеп, аударуда қиындық туындаған.

- Отбасының кредиті, үйіндегі жихаздар не теледидар кіріске кірмейді. Қорада малы болса есепке алынады. Барлық нәрсе заңға сәйкес жасалады, - деді әкім орынбасары.

Көп балалы аналар алдағы аптада жәрдемақы туралы нақты жауап болмаса тағы жиналатынын айтып тарады.

Оқи отырыңыз: "Қыбыр еткеннің бәрін табыс санайды". Көп балалы аналардың зары

4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес баласы мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты. Наразылық күшейіп тұрған тұста - 27 ақпанда Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының 18-съезінде Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді тапсырған.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау 1 сәуірде басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG