Accessibility links

Тоқаев Семей полигонынан зардап шеккен балаларды емдеу сапасын сынады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың семейліктермен кездесуі. 26 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың семейліктермен кездесуі. 26 сәуір 2019 жыл.

26 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге барған сапарында "полигоннан зардап шеккендер мәселесі шешілуі керек" деді. Бұл туралы Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Семейліктермен өткен кездесуде Тоқаев "полигон салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеп, оларды оңалту мүмкіндігін де қарастыру қажет" деді.

"Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүгедек бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған, тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл - шындық" деді Тоқаев.

Тоқаевтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент облыс әкіміне полигоннан зардап шеккендердің мәселесін шешуді тапсырды.

Тоқаевтың сөзінше, "Семей полигонындағы ядролық сынақ тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау мен сауықтыруға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі жөнінде арнайы зерттеу жүріп жатыр".

"Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік көмектердің көлемін анықтаймыз. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын" деді президент.

Тоқаев Шығыс Қазақстанға сапарын 26 сәуірде Семейден бастаған.

Қарай отырыңыз: "Сынақ. Полигон маңындағы өмір" фильмі

1949 жылы ашылған Семей полигоны 1991 жылы жабылды. Ал 1953 жылы Совет одағы осы полигонда дүние жүзіндегі алғашқы термоядролық (сутегі) бомбасын жарып сынақтан өткізді. 40 жылға созылған сынақ барысында 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG