Accessibility links

USCIRF: Қазақстан азаматтардың діни бостандығын шектеп отыр


"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы белсендісі Серікжан Біләш.
"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы белсендісі Серікжан Біләш.

АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінде тұратын мұсылмандарға қатынасы үшін Пекинді сөкті. 29 наурызда жариялаған баяндамасында комиссия "Қытайда саны 15 миллионға жуық ұйғырдың әділетсіздікке тап болғаны туралы біраздан бері шағымданып жатқанын" жазады.

Комиссия баяндаманың Қазақстан туралы бөлігінде "соңғы жиырма жылда Қазақстан үкіметі бірнеше мұсылман ұйғырды Қытайға депортациялады. Бұл - 1951 жылғы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі конвенциясы мен 1967 жылғы мәжбүрлеп жер аударуға жол бермеу жөніндегі халықаралық қағида аясында Нұр-Сұлтанның мойнына алған міндеттеріне қайшы" деп жазады.

Комиссия Қытайдың 2017 жылдан бері 800 мыңнан 2 миллионға дейін ұйғыр, қазақ, қырғыз бен басқа да мұсылмандарды саяси үйрену лагерьлерінде ұстап отырғанын айтады. Баяндама авторларының жазуынша, лагерьлер туралы ақпараттың біраз бөлігі бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләштің арқасында мәлім болған.

Біләш қазір Нұр-Сұлтанда үйқамақта отыр. Қазақстан билігі биыл наурызда оны Алматыда ұстап, үстінен Қылмыстық кодекстің "араздық тудыру" бабымен іс қозғаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысатын Біләшқа Нұр-Сұлтан қысым көрсетіп отыр деп мәлімдеген.

USCIRF Қазақстанды "азаматтар құқығын бұзатын" елдер санатына жатқызады. Ұйым баяндамасында Нұр-Сұлтаннан босқын мәртебесін сұрап жүрген Сайрагүл Сауытбай, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген соң қазақ билігінің сұрауымен Қырғызстаннан экстрадицияланған блогер Мұратбек Тұңғышбаев та аталған. "Экстремизм мен терроризмді насихаттады" деген айыппен сотқа тартылған белсенділер – Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров те келтірілген. Қазақстандық құқық қорғаушылар Әбішев, Жұмағұлов және Тұңғышбаевты саяси тұтқын санайды.

Комиссияның жазуынша, кейбір оң өзгерістерге қарамастан, 2018 жылы Қазақстан билігі азаматтардың діни бостандығын бұзатын заңсыздықтарға жол берген. Есептегі дерекке сәйкес, былтыр діни қызметі үшін қылмыстық және әкімшілік қудалау көргендер саны азайған. "Діни сипатта 2017 жылы – 279, 2018 жылы 165 қудалау жайты тіркелді" деп жазады комиссия.

Комиссия есебі 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларын қамтығанымен, баяндамада алдыңғы жылдардағы оқиға не көрсетілген мерзімнен кейін болған жағдайлар аталады.

1998 жылы АҚШ конгресі құрған комиссия Қазақстанды 2008 жылдан бері есебіне қосып келеді. 2013 жылы Нұр-Сұлтан алғаш рет "азаматтар құқығын бұзатын елдер" санатына кірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG