Accessibility links

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушы саны көбейді


Абай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш тапсыруға келген тұрғындар. Шымкент, 30 сәуір 2019 жыл.
Абай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш тапсыруға келген тұрғындар. Шымкент, 30 сәуір 2019 жыл.

30 сәуірде Шымкенттегі Абай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш жазуға жүзден аса тұрғын келді. Орталық өкілі Әлия Әміреева қазіргі кезде күніне орта есеппен екі жүзге жуық адамның құжаты қабылданып жатқанын айтады. Шенеуніктің сөзінше, кедейлік шегі сәуір айында 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге көтерілгеннен кейін әлеуметтік көмек алуға жататындар саны екі есеге көбейген.

"Мысалы, бұған дейін Абай ауданы бойынша жылына 10700 отбасы жәрдемақы алып келген болса, қазір бір айдың ішінде жаңадан тағы 10 мыңға жуық отбасы құжат тапсырды" дейді ол.

Орталыққа әлеуметтік жәрдемақы алуға құжат тапсыруға келгендердің арасында жүкті әйелдер мен баласымен бірге жүрген әйелдер көп. Олардың кейбірі орталыққа таңғы сағат алтыдан келіп кезекке тұрғанын айтады. "Кеше де келдім, бірақ тапсыра алмай кеттім. Бүгін тағы келдім, төрт сағаттан бері кезекке тұрдым, құжатымды тапсыра алмай отырмын" дейді кезекте тұрған әйелдердің бірі.

Құжат тапсыруға таласқан әйелдерді сол жерге келген бірнеше полиция қызметкері тәртіпке шақырды. Полицейлер әуелі жүкті әйелдер мен баласымен келген аналар бірінші болып құжат өткізеді деп хабарлағанымен кезекте тұрғандар келіспеді. Жарты сағат өткеннен кейін қолында кезектегі саны көрсетілген түбіртегі жоқ адамдардан құжат қабылданбайтыны айтылды. Полицейлер түбіртек алған адамдарды құжат қабылдайтын жерге кезекпен шақырып отырды.

24 сәуірде Шымкент қалалық халыққа қызмет көрсету орталығына көп балалы аналар жиналып, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тапсырғанымен биліктен жауап болмағанын айтып шағынған. Оларды қабылдаған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова 32 мыңнан аса адамға кеңес берілгенін, 21 мың адамның құжаты қабылданғанын хабарлаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG