Accessibility links

Ақтөбеде мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер үстінен іс қозғалды


Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы. 21 сәуір 2019 жыл.
Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы. 21 сәуір 2019 жыл.

Ақтөбедегі №9 мектеп-гимназия асханасын жалға алған кәсіпкердің үстінен әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

19 сәуірде мектептегі асханадан ас ішкен 21 оқушы мен бір мұғалім уланып, ауруханаға түскен. Осыдан кейін Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мектеп асханасын тексеріп, үстелдер мен ыдыстардан алынған жұғындылардан ішек таяқшасын, алтын түстес стафилококк тапқанын хабарлады.

Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мектеп асханасын тексеріп, "бірнеше олқылықты анықтаған". Басқарманың мәліметінше, "тоңазытқыштағы мал еті мен тауық етінің сапасы жайлы құжаттар, мұздатқышта термометр болмаған, жуылған ыдысты кептіретін орын да талапқа сай емес. Кәсіпкер санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алмастан 3 сәуір күні жұмысын бастап кеткен".

Мектеп асханасы 20 сәуірден бері жабық тұр. Ал мектептегі асхананы жалға алған жеке кәсіпкер Әлібек Наурызбаев өзіне тағылған айыптардың бірқатарымен келіспейді.

- СЭС (қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы - ред.) мені рұқсатсыз жұмыс істеді деп айыптап отыр. Санитарлық тұжырымдама алу үшін құжаттарымды күні бұрын тапсырдым. Алайда бюрократияның кесірінен тұжырымдама дер кезінде дайын болмады. Ал мектеппен жасалған келісімге сай, асxана жұмысына дереу кірісуім керек болды. Амалсыздан жұмысты бастауыма тура келді, - дейді ол Азаттыққа.

Ал қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айсәуле Оралбаева кәсіпкердің "бюрократия кесірінен тұжырымдама дер кезінде дайын болмады" деген сөзін жоққа шығарды.

- Олай болуы мүмкін емес. Құжаттарды уақытынды тапсырса, тұжырымдаманы дер кезінде алады, - деді басқарма өкілі.

Кәсіпкер Әлібек Наурызбаев астан уланған балалардың жүректері айнып, дене қызулары көтерілгенін жоққа шығармайды. Бірақ "балалардың іштері өткен жоқ. Демек бұл уланудың аса ауыр түрі емес" дейді ол.

19 сәуірден бастап Ақтөбедегі №9 мектеп-гимназиясының асханасынан тамақтанған оқушылар ауруханаға түскен. Дәрігерлер 26 адамның емханаға қаралғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG