Accessibility links

Шеру кезінде "полициядан зәбір көрдім" деген азамат он күнге қамалды


Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасына қатысып, он күнге қамалған Ермекбол Тілеухан. Нұр-Сұлтан, 3 мамыр 2019 жыл.

3 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты 1 мамырда наразылыққа шыққан Ермекбол Тілеуханды он күнге қамау туралы шешім шығарды. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады. Тілеуханға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-бөлімі) деген айып тағылған.

1 мамырда Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшілері арнайы жасақ өкілдерінің наразы тұрғындарға резеңке таяқ қолданғанын көрген еді. Олардың арасында Ермекбол Тілеухан да болған. Тілеуханның өзі бұған дейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында наразылық кезінде "полиция қызметкерлерінің қарапайым тұрғындарға күш қолданғанын көріп, араша түспек болғанын", арнайы жасақ өкілдерінің өзін резеңке таяқпен ішінен, аяғынан ұрып, қылғындырғанын айтқан еді. 2 мамырда Тілеуханды полицияға шақырған. Бұған қатысты Азаттық тілшілерінің сұрағына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшылығы "полицияның күш қолданғаны туралы видео көрсетіңдер" деп айтқан.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

Кеше, 2 мамырда Алматы мен Астана соты бірнеше адамды 5-10 күнге қамап, айыппұл салған.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG